Өткен жұма күні Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени сауық кешенінде Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиналыс болды. Құрыш қолды құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов тәуелсіз еліміздің қанатын кеңге жайып, экономиканың өрлеп-өсуінде құрылысшылардың еңбегі зор екендігін атап өтті.
-Елбасының биылғы Рухани жаңғыру бағдарламасы ел экономикасын нығайтумен қатар халықтың әл-ауқатын жасқарту бойынша жаңа міндеттер жүктеді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады»,-деді өңір басшысы.-Еліміз әлемдегі ең алдыңғы қатардағы 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін барлық саланы да дамытуға аса мән беріп, қолға алу қажет. Бүгінде құрылыс саласында атқарылған шаруалар аз емес. Өз жұмысыңызға деген адалдық пен іскерлік қабілеттеріңіздің арқасында құрылыс саласы ерекше қарқындап, халық жаңа стандарттар мен заманауи дизайндарға үйренісуде. Қазір облыс көлемінде өзіндік сәулетімен ерекшеленетін әлеуметтік нысандар, тұрғын үй кешендері мен бизнес орталықтары күн санап көбейіп келеді. Маңғыстау өлкесінің сән-салтанатын арттырып, қалалары мен ауылдарын гүлдендіруде сіздердің қалдырған қолтаңбаларыңыз айрықша. Аймақта бой көтеріп жатырған әрбір заманауи нысандар мен ғимараттарда маңдай терлеріңіз бен адал еңбектеріңіздің мол үлесі бар. Өңірімізде құрылыс компанияларының қатары артып, заманауи техникалармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ал мұндай озық технологиялармен жұмыс жасау белгілі бір нысанның мерзіміне әрі сапалы салынуына ықпал етері сөзсіз.
Сондай-ақ Ералы Лұқпанұлы құрылыс саласынағы жетістіктерге қысқаша шолу жасады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша барлық қаржыландыру көздерінің есебінен облыста 592,564 мың шаршы метр тұрғын үй аумағы пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы осы кезең көрсеткіштерімен салыстырғанда 35,4 пайызға көп (399,590 шаршы метр). Құрылысы басталған және жоспарланған жаңа нысандар да аз емес. Оған Жаңаөзен қаласындағы 320 орындық балабақшаның құрылысы, аяқталуы 2018 жылға жоспарланған Мұнайлы және (600 орындық 2 мектеп) Қарақия (300 орындық 1 мектеп) аудандарындағы барлығы 1500 орындық 3 орта мектептің құрылысы басталғаны мысал бола алады. Маусым айында Маңғыстау (600 орындық 1 мектеп) және Түпқараған аудандарында (600 орындық 1 мектеп) 2 нысан құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Биылғы тамыз айында Жаңаөзен қаласында 3 мектеп құрылысы (900 орындық) басталмақ. Сонымен қатар бірінші жарты жылдықта Ақтау қаласындағы 24-шағынауданда құны 523,367 миллион теңгелік ҰҚКД қосымша құрылысы, 9-шағынауданда мұражайдың қосымша құрылысы және коп бейінді спорт кешенінің құрылысы аяқталды.
Ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында мемлекет қаражаты есебінен Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында алаңы 30,203 шаршы метр 528 пәтерлі несиелік тұрғын үйдің құрылысы, денсаулық сақтау саласы бойынша Ақтау қаласында Ана мен баланы қорғау өңірлік орталығының құрылысы жүріп жатыр. Орталық құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Сонымен бірге, екінші жартыжылдықта Ақтау қаласында құны 7 миллиард теңге болатын 100 төсек орындық онкологиялық диспансердің құрылысы қайтадан салынбақ. Білім беру нысанының құрылысын салуға 2017 жылы бюджеттен 10 411,049 миллион теңге бөлінді.
Ақтау қаласында 100 орындық Жастар үйінің құрылысын, «Шығыс» шағынауданында 500 орындық студенттік жатақхана құрылысын, Қарақия ауданының Құрық селосында жұмысшыларға арналған 500 орындық студенттік жатақхана құрылысын салу және Форт-Шевченко қаласындағы Мұрын жырау мұражайын қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
2017 жылы Ақтау қаласындағы 31б-шағынаудандағы әкімшілік ғимараттың құрылысымен қатар басқа да нысандардың құрылысын бастау жоспарлануда.
Құрылысшылардың алға қойылған осынау міндеттердің барлығын мінсіз атқарып, Маңғыстаудың ажарын аша түсеріне сенім білдірген өңір басшысы бір топ құрылысшыларға түрлі дәрежедегі марапаттар тапсырды.
Салтанатты шарада «Құрмет Белгісі» төсбелгісімен марапатталған «Маңғыстау-Дорстрой» ЖШС директоры Серік Қасумов әріптестеріне құтты болсын айтып, ақжарма тілегін ақтарды.
Жергілікті өнерпаздар құрылысшылар күніне арналған жиналыс соңын мерекелік концертке ұластырды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="32562,32565,32559,32563,32558,32564,32560,32561,32566,32567,32557"]