Маңғыстаулық каратэшілер Түркияның Карабюк қаласында өткен халықаралық жарыстан 5 алтын және 6 күміс медальді еншілеп, аймақ абыройын асқақтатты. Байрақты бәсекеге Қазақстан, Иран, Ирак, Сирия, Румыния, Түркия, Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен барлығы 400 спортшы қатысып, жеңіс жолында күресті. Аталмыш жарыста еліміздің намысын 28 каратэші қорғады.
Кекушинкай-каратэдан өткен халықаралық жарыста ерлер арасында жерлесіміз 60 келі салмақта Азамат Жұлдызбай, 65 келі салмақта Мақсат Жаумытбаев және 70 келі салмақта Берекет Нұрбаев үздік танылып, алтын медальға қол жеткізді.
Ерлер арасында күміс медальдің иесі 65 келі салмақта Бек Өмірзақ пен 80 келі салмақта Жәнібек Жолдасов атанды. Жүлделі орындарды иеленген бес спортшы да «Ш. Бөлтекұлы» атындағы спорт мектебінің шәкірттері.
-Маңғыстаулық спортшылар мықтылықтарын дәлелдеп, жүлделі орындардан көрініп отыр. Облыс намысын халықаралық жарыста абыроймен қорғап, жерлестеріне жеңіс сыйлады. Біз өте қуаныштымыз. Шәкіртім Берекет Нұрбаев - төрт қарсыласын да нокаутпен жеңіп, турнирдің «Үздік спортшысы» атанды, - дейді бапкер Мұхтар Жолдасов.
Сондай-ақ, ерлер арасында Сабыржан Сәрсенғалиев, Айбек Қоңыр күміс медальға ие болды. Қыздар арасында Қымбат Үсенова мен Сағира Арман алтыннан алқа тағып, жарыс чемпионы атанды. Күміс медаль Аружан Ашимова мен Мадина Булатоваға бұйырды.
Венера МИРЛАН