Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, күнделікті өміріміздің құрамдас бөлшегіне айналып үлгерген «Мектепке жол» акциясының бастау алғанына биыл он жыл толып отыр. Осы мақсатта тұрғындарға түсінік жұмыстарын беру үшін аудан көлемінде акцияны өткізуге тікелей жауапты мекеме-аудандық ішкі істер бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жанғабыл Қалаубаймен кездесіп, газетімізге сұхбат беруін өтінген болатынбыз.
Қалаубай Жанғабыл 1968 жылы Маңғыстау ауданы, Үштаған ауылында дүниеге келген. 1985жылы аталған ауылда орналасқан орта мектепті бітірген. 1986-1988 жылдары Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеген. 1999 жылдың сәуір айынан ішкі істер саласында қызмет атқарып келеді. 1999-2001 жылдары Үштаған ауылының аймақтық полиция инспекторы, 2001-2002 жылдары мемлекеттік автоинспектор, 2004-2006 жылдар аралығында Маңғыстау АІІБ-де жол полициясында әкімшілік шара алу инспекторы. 2004-2006 жылдары аймақтық полиция инспекторы болып қызмет атқарған. 2006 жылдан бері Қарақия АІІБ-де бастықтың орынбасары лауазымында жұмыс жасап келеді. Үйленген. 2 ұл, 3 қызы бар. Құрық ауылында тұрады.
-Қайырымдылық жасау сауапты іс болып табылатындықтан қоғамымыздың әрбір мүшесі өздерінің жүрек қалауымен қолынан келгенше аталған шараға өзіндік үлесін қосып қалуға тырысатындығы анық. Енді осы мақсатта ұйымдастырылып жатқан акцияның мәні мен мақсатына тоқтала кетсеңіз?
-Акцияның негізгі мақсаты-жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде еліміздің ертеңгі жарқын келбеті болып саналатын мектеп жасындағы барлық балаға, оның ішінде аз қамтылған отбасы, көп балалы, толық емес отбасы, жайсыз жанұядан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларға қолдау көрсету болып табылады. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайының төмендігі себепті оқушылардың мектепке бармай қалуының алдын алу, оларды міндетті орта біліммен қамту да осы акцияның құрамдас бөлігіне енеді.
- Осы орайда шараның өткізілу кезеңі, акция барысында жоспарланып отырған іс- шаралар жөнінде айтып өтсеңіз екен?
- Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің 28.07.2017 жылғы № 1- 5-2-62/1- 11929 шығыс санды нұсқаулығына және аудандық ішкі істер бөлімінің 01. 08. 2017 жылғы №85 бұйрығына сәйкес ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында «Менің таңдауым- балаларға көмек!» ұранымен жалпыреспубликалық «Мектепке жол» акциясы өткізіледі. Қайырымдылық шарасын өз деңгейінде өткізу мақсатында аудан әкімдігі жанындағы жасөспірімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға, прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріне, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының жастар қанатына осы акцияны өткізуге көмек көрсету туралы хаттар жолданды. «Мектепке жол» акциясының өткізілу нәтижелері туралы әр он күн сайын мәліметтер қабылданып, бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табатын болады.
- Аталған акцияны өткізу жұмыстарынан қандай нәтиже, оңды өзгерістер күтесіз? Акцияны ұйымдастыру тетіктері қалай жүзеге асырылады?
- Демеушілердің, қайырымды жандардың көмегі арқасында балалар мектепке дайын болады. Акцияның дәстүрлі түрде өткізілуі еліміздің болашағының баянды болуына, өскелең ұрпақты саналы етіп қалыптастыру үшін игі әсерін тигізеді. Біздің алдымызға балаларды жалпыға бірдей міндетті оқумен қамту мәселесі қойылып отыр.Осы мақсатта қадағалаусыз және панасыз, мектептен шет қалып, немесе жүйелі түрде мектепке бара алмай жүрген балаларды анықтап, оқумен қамту керек. Іргелі жұмысты өткізу, қадағалау жұмыстары біздің мекемеге жүктеліп отырған соң сенім үдесінен шығу парыз.
- Салиқалы сұхбатыңыз үшін рахмет! Еліміздің кемелдене беруі жолында жасап жатқан қызметтеріңізге табыс тілеймін!
Жалғас БЕРДІМҰРАТҰЛЫ, «Қарақия» газеті