©
Ақтауда жазғы экологиялық мектеп өз жұмысын бастады. Мұнда Ақтау мен Атыраудан жиналған 34 студент білім алуда. «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ-ның ұйымдастыруымен ашылған мектептің мақсаты – болашақ экологтарға Каспий теңізінің биологиялық алуантүрлілігін көрсету, экологиялық қауіпсіздік мәселесін түсіндіру. 2003 жылы лагерь ретінде басталған шара осыдан 4 жыл бұрын экологиялық мектеп форматына көшкен. Мұнайшы мамандығын оқып жатқан Әсел Асанова экологиялық мектептің пайдасы мол болатынына сенімді. Қазір жазғы мектепте жергілікті мамандар ғана емес, Атырау мен Алматыдан келген экологтар да дәріс оқиды. Биыл Ресейдің Астрахань қаласынан, Түрікменстаннан тәжірибелі мамандар шақырылған. Студенттер Каспийдің биологиялық алуантүрлілігімен қатар, Қаракөлдің де флорасымен, фаунасымен танысады. Оларды атыраулық маман құстардың тыныс-тіршілігімен таныстырса, Түрікменстаннан келген маман балықтар мен шаян тектес жануарларды зерттеуге үйретеді. Сонымен қатар, студенттер теңіз суынан бентос, зоопланктон алып, микроскоппен микроағзаларды зерттейтін болады. «Мың рет айтқаннан бір рет көрген артық» демекші, былтыр экологиялық мектептің оқушылары су астына сүңгіп, Каспийдің биологиялық алуантүрлілігін өз көзімен көрді», – дейді «Эко-Маңғыстау» ҮЕҰ басшысы К.Осин. Аталған мектепке бірнеше жыл қатарынан НКОК компаниясы қолдау көрсетіп келеді. Денсаулықты, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарламалар мен екіжақты қатынастар департаментінің басшысы Гүлсім Мутышеваның айтуынша, Каспийде бекіре тұқымдас балықтар азайып кеткендіктен, компания қолдан балық өсіру жобасын қолға алған. «Теңіз деңгейінің өзгеруі теңіз суының тұздылығына, жемдік қорына өз әсерін тигізеді. Сондай-ақ бекіре тұқымдас балықтардың азаюында антропогендік әсер бар және броконьерлер де өз «үлесін» қосып отыр. Сондықтан компания 2016-2018 жылдар аралығында Атырау бекіре өсіру зауытында 700 мың шоқыр мен бекіре шабақтарын өсіріп, теңізге жіберу жобасына қолдау көрсетуде», – дейді ол.