Еңбек нарығын дамыту аясында 8 726 адам жұмыспен қамтылды
[ 2017 ] 29 тамыз, 12:27 | Жаңалықтар
Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Г.М. Қалмұратовамен сұхбат
- Гүлмира Мұратқызы, қазір облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» іске асырып жатқанын білеміз. Бағдарламаға тоқталып өтсеңіз.
- Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы « 29» желтоқсандағы № 919 қаулысымен бекітілген. Ол үш бағыт бойынша жүргізілетін болады. Бағдарлама техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етуді, жаппай кәсіпкерлікті дамытуды, әрі еңбек нарығын дамытуды көздейді.
- Ендеше, әр бағытқа жеке тоқталып өтсеңіз.
- Алғашқы бағыт еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды мақсат тұтады. 1-қыркүйектен бастап 9, 11 сыныпты бітірген 1 131 бала тегін кәсіптік білім алғалы отыр. Олар слесарь, слесарь-электрик, телефон байланысының электромонтері, тігінші, шаштараз-модельер, дизайнер, теміржол стансасының кезекшісі, матрос, кеме жөндеуші слесарь, құрылысшы мамандықтары бойынша өлкеміздегі 12 коледжде оқытылады, әрі стипендия төленеді. Студенттерді іріктеу үшін қалалық, аудандық білім басқарламалары тарапынан арнайы штаб құрылып, оның құрамына жұмыспен қамту орталықарының мамандары да кірді.
Сонымен қатар, осы бағыт аясында жұмысшы кадрларды кәсіптік оқытылады. Жыл басынан бері 637 адам компьютерлік курс, әлеуметтік жұмысшы, электр монтері, металл құрылымдарын жинау жөніндегі слесарь, ілмектеуші, дәнекерлеуші, тігінші, ымдау тілінің маманы сияқты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді курстарға жіберілді. Қазіргі таңда 262 бала оқуын тәмамдап, 32-сі жұмысқа тұрды. Бүгінде қалғанын жұмысқа орналастыру қолға алынуда.
- Жаппай кәсіпкерлік қалай дамытылмақ?
- Жаппай кәсіпкерлікті дамыту – бағдарламаның екінші маңызды бағыты. Кәсіпкерлікті дамыту үшін өз ісін ашудың негіздерін үйрену қажет. Жыл басынан бері 140 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыды.
Ал, екіншісі – ауылдағы және қалалардағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау. Қалада «Даму» қоры арқылы, ауылда «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» арқылы 5 жылға дейін мерзімде 6%-ға дейінгі жылдық тиімді мөлшерлемемен 8 мың АЕК, яғни 16 миллион теңге мөлшерінде сауда-саттықтан басқа салаларға шағын несие беріледі. Атап өтерлігі, мал шаруашылығын дамытушылар үшін шағын несие 7-жылға дейін беріледі. Бүгінгі таңда мал шаруашылығын дамыту үшін 50 ауыл тұрғыны 202,8 миллион теңге көлемінде шағын несие алды.
- Жалпы облыстағы жұмыссыздық деңгейі қандай?
- Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 18 908 адам хабарласып, олардың 10 932-сі Бағдарламаға қатысушыларының тізіміне енгізілді. Олардың 10 817-сі жұмыссыз болса, 115 адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бүгінге дейін олардың 9 542-сі белсенді шаралармен қамтылды. Қазір 4 990 жұмсыссыз ретінде тіркелген: 2 230-ы жастар болса, 2 596-сы әйелдер. Жалпы алғанда, биыл облыста жұмыссыздық деңгейі 4,9% болып тұр, былтыр 5,1% еді.
- Облыста қысқартулар жүріп жатыр ма?
- Жұмыс берушілер берген мәліметтерге сүйенсек, биыл 219 адам қысқартуға ұшыраған. Олар – мұнай кәсіпорындарына сервистік қызмет көрсету, машина жөндеу және қызмет көрсету, порт қызметі саласында жұмыс жасайтын кәсіпорындардың қызметкерлері.
Өлкеміздегі кейбір мекемелерде екі тараптың өзара келісімімен жұмысшылар жұмыстан шығып жатыр. Осыны тұрғындар түсінбей, мына мекемеде мынанша адам қысқартылып жатыр деп жариялап жатады. Бірақ тараптардың келісімі бойынша жұмыстан босату қысқартуға жатпайды. Дегенмен, біз оларға да мониторинг жасап отырамыз.
- Жұмыстан қысқарғандарға мемлекет тарапынан көмек бар ма?
- Әрине, қысқарған адамдар жұмыспен қамту орталығына келіп, «жұмыссыз» деген анықтама алуы қажет. Соған сәйкес, жұмысқа орналасқанға дейін немесе 4 ай ішінде жәрдемақы ала алады.
Жұмыспен қамту орталықтарына келсе, біз жұмыссыз адамға қандай бос орындардың бар екенін көрсетіп, мамандығына, тәжірибесіне қарай жұмыс ұсынамыз. Егер көп уақыттан бері жұмыссыз отырып, мамандығы ескірсе, болмаса бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие болмаса, оқытуға жібереміз.
- Жұмыссыздықты азайту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Аталған бағдарламаның үшінші бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамытуды көздейді. Осы бағыттың аясында 8 726 адам қамтылды. Оның 3 986-сы жұмысқа орналастырылса, 844 адам «Жастар практикасы» жіберілді. Оның ерекшелігі – оқу орнын бітіргеніне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі жастар 6 ай мерзімге еңбек жағдайы ауыр және зиянды өндірістен басқа мекемелерде тәжірибеден өтеді. Оларға мемлекет 25 АЕК мөлшерінде жалақы төлейді.
Сондай-ақ 2 935 адам ақы төленетін қоғамдық жұмысқа тартылса, әлеуметтік жұмыс орындарына 961 адам жіберілді. Яғни, мекеме жұмыс ұсынған жағдайда, бір жылға дейін жұмысшының айлығының 35 %-ын мемлекет төлейді.
- Аймақта жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару да қолға алынғаны білеміз. Басқа облысқа көшуге ынталылар бар ма?
- Иә, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында мамандарды жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру де қарқынды жүруде. Өздеріңіз білесіз, бағдарлама аясында Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан мамандарды Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына тарту жоспарланған. Мемлекет бір жылға дейін көшіп барғандардың үй жалдау ақысын, коммуналдық төлемдерін мойнына алып отыр және көшуге көмек көрсетіледі. Әрі жұмысқа орналасқаннан кейін 20 АЕК жәрдемақы беріледі. Бүгінде еліміздің солтүстігі мен шығысына 169 отбасы көшуге ниет білдіріп отыр. Ал, 13 отбасы (57 адам) қоныс аударып үлгерді. Әрқайсысына жеке тоқталсақ, 4 отбасы (17 адам) Павлодар облысына, 2 отбасы (10 адам) Қостанайға, 6 отбасы (26 адам) еліміздің шығысына, 1 отбасы Солтүстік Қазақстанға қоныс аударды.
- Бағдарламаның үшінші бағытында жұмысқа орналастырудың бірыңғай цифрлық алаңын құрылады екен. Бұл қалай іске асырылуда?
- Қазір бос жұмыс орындарын enbek.kz порталы арқылы көруге болады. Сонымен қатар, Ақтау, Мұнайлы, Жаңаөзеннің жұмыспен қамту орталықтарында электронды кезек қарастырылған. Халыққа ыңғайлы болу үшін аудан, қаладарда ХҚКО бір маманымыз отыр. Ал, Бейнеу ауданындағы мамандарымыз түгелімен ХҚКО-да болса, Ақтау қаласының жұмыспен қамту орталығы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында орналасқан.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
980
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.