5 тамыз күні Жаңаөзен қаласына іргелес орналасқан Теңге ауылына әкім сайланатын болады.
Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақтығали Базыловтың мәліметі бойынша, алғашында аталмыш ауылдың әкімі лауазымына 3 үміткер тіркеліп, Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімі басшысының м.а. Мұрсатбай Әбдіров сайлауға қатысуға өз еркімен бас тартқан. Бүгінгі таңда үміткерлер қатарында қазіргі Теңге ауылы әкімі Үбін Максимов, «Жаңаөзен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-ның басшысы Бауыржан Жолдыев бар.
Теңге ауылы әкімі лауазымына үміткерлер қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, ауылдағы ауыз су, жол, т.б. мәселелерді шешу, жалпы ауылды көркейту, көгалдандыру жұмыстары бойынша бағдарламаларымен таныстырды. Әр үміткердің сайлауалды бағдарламасына қатысты қалалық мәслихат депутаттары сұрақ қойып, жауаптарын алды. Жаңаөзен қалалық мәслихатының хатшысы Сақи Мыңбай екі үміткердің де жұмыс тәжірибесі бар, талапқа сай азаматтар екендігін атап өтті. Ендігі жерде қалалық мәслихат депутаттары үміткерлердің бағдарламаларын, жасаған жұмыстарын сараптай келе сайлау күні өз таңдауларын жасайтын болады.
Жаңаөзен-Ақпарат
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31789,31788,31787"]