©
2 тамыз күні мемлекеттің қолдауымен Жаңаөзен қаласындағы Бостандық шағынауданынан «Абай» сауда орталығы ашылып, тұрғындарды қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қуантты. Сауда орталығының ашылуында Бостандық шағынауданы халқынан бөлек, Жаңаөзен қаласы мен оған іргелес орналасқан ауыл тұрғындары да болды. - Осы маңнан жол-жөнекей өтіп бара жатып сауда орталығы ашылып жатқанын көрдік. Елордамыз Астанаға, Экспо-2017 көрмесіне жол жүргелі жатырмыз. Немерелерімді алып қыдырып қайтамын. Сол жолға тамақ алуға шыққан едік жолдасым, немерем үшеуміз. Осындай сәтке кезігіп, жаңа сауда орталығынан жолға азық алу бұйырыпты. Халықтың ыңғайлы сауда жасауы үшін дүкендер көбейе берсін, - деді, Теңге ауылы тұрғыны Қымбат Әзбергенова. «Абай» сауда орталығы кәсіпкер Қыдырбаевтардың отбасылық кәсібі. Кәсіпкерлік саласында мол тәжірибесі бар отбасы осыған дейін шаштараз, кейін жеке балабақша ашу ісіне араласқан. Ендігісі Бостандық шағынауданында орналасқан сауда орталығы. Жеке кәсіпкер Айнагүл Қыдырбаева сауда орталығын ашу үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алған.
- 2010 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Сауда орталығы үшін «Даму» қоры арқылы «Центркредит» банкінен 14 %-бен несие берілді, яғни 10 %-ын мемлекет, 4%-ын кәсіпкер төлейді. Жалпы сомма 21 млн.теңге құралдар, азық-түлік сатып алуға жұмсалды. 9 жаңаөзендікті жұмыспен қамтып отырмыз, - дейді кәсіпкер А.Қыдырбаева. Сауда орталығында күнделікті тағамдармен қоса, тұрмыстық тауарлар, жеміс-жидектер, сондай-ақ өз наубайханасы бар. Бір сөзбен айтқанда, сауда орталығының бөлкелер бөлігінде үнемі жаңа пісірлген ыстық нандар орын алады деген сөз. А.Қыдырбаева болашақта наубайхана қызметін кеңейтіп, мүмкіндік туып жатса қаламыздағы басқа дүкендерге нан тасымалдау жұмысын жоспарлап қойған.
Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ақсұлтан Шектібаевтың бізге берген мәліметінше, жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер арқылы 23 адам несие алған. Қалада жалпы 8066 кәсіпкер бар.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП