Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен жедел-құтқару қызметі мамандары бірлесіп теңіз жағалауында рейд жүргізді. 4 және 5 шағын аудан жағалауына өткізілген рейд суға түсу маусымы кезіндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталды. Ақтау қалалық ТЖБ және Маңғыстау облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында қызметкерлер жағада демалушылармен тілдесіп, келеңсіз оқиғалардан сақтануға шақырды. Мас күйінде суға түспеуді, тыйым салынған аймақтарда шомылмауды, балаларды жағада қараусыз қалдырмауды қаперге берді.
-Өкінішке қарай, қауіпсіздік ережелердің сақталмауы, қайғылы оқиғалар көбіне балалар арасында кездеседі. Ата-аналар балаларының қайда кеткенін, не істеп жүргенін біледі, демек біле тұра тыйым салмайды, қауіптің алдын алмайды, - дейді мамандар.
Каспий теңізінің 4,5 шағын аудандағы жағалаулары суға түсуге ең қауіпті аймақтар болып саналады. Бірақ мұндағы ескертпе тақталарға, жазуларға тұрғындар назар аудара қоймайды.
Төтенше жағдайлар басқармасымен 600 адамға бүгінге дейін суға түсу ережелері мен қаіуіпсіздік шаралары түсіндірілді. 60 мектептің 1506 оқушысына екі рет интерактивті сабақ өткізілді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА