Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі мемлекеттік мекемесінің директоры Құрманәлі Қалмаханмен аймақтың ақпараттық платформасын жаңғырту бойынша сұқбаттасқан едік.
- Құрманәлі Қалмахан мырза, қазір біреуді «қаралау» үшін арнайы тапсырыспен жазатын әріптестеріміз көбейіп барады деген пікірлерді естіп қаламыз. Бұған не дейсіз?
- Бұған бір сөзбен, әлеуметтік не басқа бір жағдай әсер етті деуге ауызым бармайды. Неге десеңіз, бұл адамның Тұлғалық қасиетін анықтайтын өлшем. Журналистің стилі, жазу ерекшелігіне бұрын мән беріп, содан бір мінез жасайтын еді. Қазір керісінше. Мінез жоқ, «журналистика» қазір «мемлекеттік қызметкер» статусына ұқсап барады. (Құжат жүзінде қоғамдық ғана күші болса да) Мүмкін бұл бір астарлы саясат шығар. Оны уақыт көрсетер. Бірақ Шерағаңдар, Ақселеу ағаларымыз сияқты мінезділердің «азайып» (құрып) бара жатқаны қынжылтады. Тұқымдыққа бір-екеуі қалған шығар…
- "Тұқымдығы" қалай, шынымен азайып бара ма?
- Иә, оны өзіңіз де біліп отырсыз. «Ұлтқа қызмет ету - білімнен емес, мінезден»,- дейтін Әлекеңнің сөзін қағида ретінде ұстанатындар санаулы арамызда. Мәди Манатбек және бірнеше азамат қана бар (есіме түспей тұрғанын қарашы). Ақпарат емес, насихаттың күші басым болғанда, түсіндіріп-жеткізу емес, «бұйрық», «екпін» не «есеп» беру стилі ғана қалады. Журналистиканы, сөз бостандығын тұншықтырып, құртатын осы лас әдіс. Өкінішке қарай, тым саясиланған ақпараттық дүниеден «обьективтілікті» іздеу - құр ақымақтық.
-«Жоғарыда» тапсырыспен жазатындар туралы айтып едік. Сіз жазасыз ба тапсырыспен?
-Кейде аты-жөнімді өзгертіп «псевдо» есіммен бірдеңелер жазайын, соған көмектесші дейтіндер кездеседі. Олар өзімнің жора-жолдастарым мен достарымның арасында бар. Бірақ өз басым қарсымын. Әркім өзінше қабылдайтын шығар.
- Неге қазір әлеуметтік желі мен сайттарға тым көңіл бөліп кеттік. Газет оқылмайтын болды. Теледидар-радиоларымыздың рейтингі төмендеп барады. Тым танымалдар парақшасындағы (инстаграм) қамту (охват) анау-мынау республикалық газеттерді мың орап алады деген пікірлер жиі айтылып жүр. Рас па сол? Мұндайлармен қалай күресуге болады?
- Жауабымды күресу дегеннен бастайын. Бұл жерде күресіп, «энергияны» құртудың керегі жоқ. Бар мәселе дұрыс басқаруда. Ақпараттық ортаның нарық, бәсекеге қабілеттілік т.с.с. заңдылықтары сақталуы керек. Жымдасып қалған ақпараттық монополиялардан құтылу керек. Мемлекеттік тапсырыста отырған БАҚ-тардың өзі стильдерін өзгертсін. Нан керек болса, орайын тапсын. Халық талғамы - тапсырыс берушіден биік. Осы заңдылықтарды сақтаса, оқырман газетті іздеп жүріп оқиды. Тыңдарман теледидардағы сүйікті жобаларын жібермей көреді. Бірақ бұл қағидаларды бәрі сақтап отыр деп айта алмаймын. Әлі консервативтік ұстанымнан арыла алмай жүрген «жыларман» жетекшілер (басшылар) жетіп артылады. (Ақиқаты - сол. Олар маған ренжімесін) Н.Назарбаевтың «Болашаққа бастар жол: рухани жаңғыру» деп жүргені сол. Жаңғыру дегеніміз - өзгеріс керек, мұны, әркім өзінен бастасын деген идея. Газет оқылмайды деген сондай сыңаржақ пікір. Теледидардың орнын интернет басады деген де жауыр әңгіме. Рейтинг төмен болса, халықтың сенімінен шығатын жағын қарасын, әлеуметтік сауалнамалар жүргізсін. (Кім қой дейді?) Олай болса, «Жас Алашты» неге жұрт іздеп жүріп оқиды, а? Неге кезінде «Шынның жүзіндені» ел сағына күтіп, теледидидар алдында телміріп отырды. Айтшы, мұның еш сиқыры жоқ. Кез келген теле не басқа жобалар шынайы, ақиқатты болса онда оны адам қабылдайды. Кейде өзімізден де бар. Ақпаратты тым «саясиландырып» жібереміз. Сауатты саяси сараптама жасай алмағандықтан, таптаурын «шаблонды» әдістен аса алмай (жауапкершіліктен қорқып), баяндама түріндегі стильге кеп басамыз. Ондай дүниенің дәуірі өтіп кеткелі қашан? (!) Танымалдар парақшаларына келсек, оларды өз мақсатымызға пайдалануымыз керек. Бұл - өмірдің заңдылығы. Олардың аудиториясы жоғары, оқылымы мықты. Анау-мынау республикалық басылымдарыңызды басып озады. Олай болса, оларға да жол беріңіз. Ақпараттық алаң ретінде оларды да пайдалану керек. Бірақ тым әсірелеп жіберуден Құдай сақтасын!
-Ақпараттық саясатымыздың қазіргі нақты бағыттары қандай? Баға берсек?
-Ақпараттық саясатты жүргізу деген сөздің өзінде үлкен жауапкершілік жатыр. Түсінген адамға, мұнда моральдық-психологиялық жүктеме (жауапкершілік) бар. XX ғасырдың басындағы Ұлт зиялылары – Алаш қайраткерлері де ақпараттық саясатты ағартушылықпен ұштастырып, халықтың сана-сезімін оятып, әлемдік өркениеттен қалмауға үндеді. Бірақ қазіргілер кейде жаһандық құбылыс деп «шектен» шығып жатады. Зиянды «құндылықтарын» тықпалайды кеп. Мұны көрген оқырман\тыңдарман соған қарап бой түзейді. Ақпараттың өкілі қоғамның айнасы емес пе? Осы моральдық-психологиялық жауапкершілікті көбіне ұмытып барамыз. Оны ақпараттық саясаттың құлағында отырған басшылық лауазымдағы тұлғалар түсінулері керек. Ақпараттық саясаттың нақты бағыттарының бірі – рухани жаңғыру, болашақтың кілті болатын құндылықтарды жатпай-тұрмай дәріптеу, елге жеткізу. Бұл жұмыстардың жүргізілуі жақсы. Бірақ стилі мен әдіснамаларын жүйелеу керек. Осы жасалу керек, есебін береміз деген «ақылгөйліктен» арылайық. Кішкене мазмұнына, «контентіне» мән берейік.
- Аймақтың ақпараттық әлеуетіне көңіліңіз тола ма? Не жетіспейді?
- Журналистика мамандарын дайындайтын білім ордалары аймақта жоқ екен. Әріптестерімнен осындай әңгімені естіп, жағамды ұстадым. Неге? Сонда қоғамды түзеп, ағартушылықпен айналысатын зиялылар тобы бұл жерге керек емес пе? Неліктен мұнай-газ, не экономика, құқық мамандықтарына бәріміз таласамыз. Міне, мәселенің ұшы осында жатыр. Кадр мәселесі. Мұны жүйелеп, уақытылы шешпесек, бұл тапшылық тіптен күшейе бермек. Қанат қақты жоба ретінде болсын, осы мәселені қолға алуымыз керек. Содан кейінгі мәселе: біздің республикаға шығатын ақпараттық интеграцияларымыз «түсініксіз» жасалған. Нәтижесінде ақпараттық таралымды сараптайтын көрсеткіштердің (индикатордың) соңында жүрміз. Қазіргі ақпараттық саясатпен айналысатын басшылық (ішкі саясат басқармасы) осы мәселені жүйелі шешуге кірісіп кетті. Нәтижесін уақыт көрсетер.
- Құрманәлі Қалмаханұлы, жұмысыңызға табыс тілейміз.
Сұқбаттасқан Нұрбол ОҚУОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31465,31466,31471"]