Маңғыстау облыстық наркологиялық диспансері қызметкерлерінің көмегімен бұрын есірткі қолданып, өмірлерін өкісікпен өткізген, бүгінгі күні қатарымызға қосылып, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген жандармен тілдестік. Біз әңгімелескен Ақтау қаласының тұрғыны Надежда нашақорлықтың құрығына жастай ілінген жандардың бірі. Мектеп кезінде белсенді, оқуда зерек бойжеткен достарының ықпалымен есірткіге қалай тәуелді болып қалғанын өзі де байқамағанын айтады. Алғаш есірткіні қолданған кезде оның жасы 16-да болатын. 10 жылдан астам уақыт есірткіні тұрақты қолданған Надежда денсаулығын құртып ғана қоймай, бауыр еті баласынан да безінген. Қызының теріс жолға түскеніне шыдай алмаған әкесі болса, инфаркт алып, көп ұзамай көз жұмған.
-Әкемнің сөзін тыңдамай, жаман жолға түскеніме, әкемнің өліміне себепші болғаныма қатты өкінемін... Сабақтан кейін кешкісін бір аулада ойнайтын достарыммен алғашқы кездері шылым шегіп жүрдік. Кейін достарым есірткі қолдана бастады. Қызығушылықпен мен де қатарларына қосылдым. Мен бірден героин қолдандым. Бір күні анам «сенің соңғы кездері жүрісің, өзіңді ұстауың ұнамай жүр. Менен бір нәрсе жасырып жүрген жоқсың ба?» деп сұрай бастады. Әрине мен жалтардым. Кейін анам менің қолданған инелерімді тауып алып, менің есірткі қолданып жүргеніме көзі жетті. Болған жағдайды әкеме, бауырларыма айтты. Үйде үлкен жанжал болды. Мен үйден кетіп қалдым. Баратын жерім болмағандықтан үйге қайта келдім. Анам дереу облыстық наркологиялық диспансеріне әкелді. Орталықта 20 күндей жатып, емделдім. Шыққан соң есірткіні қайта қолдана бастадым, анам сүйрелеп жүріп Көкшетаудағы емдеу-сауықтыру орталығына апарды. Ол жерден шыққаннан кейін арақ ішіп, маскүнемдікке бой алдырдым. Анам мені қайтадан облыстық наркологиялық диспансеріне әкеліп, жатқызды. Дәл сол 2010 жылы осы орталықта қазіргі жолдасыммен таныстым. Ол да есірткі қолданып, емделіп жүргенін айтты. Екеуміз отбасын құруға шешім қабылдап, бірге тұра бастадық. Отбасылық өмірімізде де нашақорлықпен айналыстық. Жалғыз қызым болатын, оның тәрбиесіне де көңіл бөле алмадым. Әкем менің кесірімнен инфаркт алып, көз жұмды... Арада он жыл уақыт өткенде жолдасым екеуміз ұзақ емделіп, есірткіні тастадық. Анам, қызым, бауырларым менен сырт айналды. Барлығы жаныма батады. Енді еңбек етіп, қаржы тауып, денсаулығымды түзеп, маған жақын жандарға көмектесіп, өмірлеріне қуаныш сыйлағым келеді. Барлығын кеш түсінгеніме өкінемін,-дейді Надежда.
Бүгінде кейіпкеріміз қаладағы мекемелердің бірінде жұмыс істейді. Салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында спортпен айналысады. Денсаулығын түзеуді қолға алып, дәрігерлер айтқан барлық ем-домды уақытында жасайды.
-Жұмыс орным бұрын есірткі қолданғанымды білмейді. Білген жағдайда мені жұмыстан босатады ма деп қорқамын. Нан тауып отырған жұмысымнан айырылғым келмейді. Қазір жолдасым да есірткіні тастады. Екеуміз де денсаулығымызға қатты алаңдаймыз. Ауырмайтын жеріміз жоқ. Жасаған істерімізге өкінеміз. Жастардың жаман әдеттен бойларын аулақ ұстағанын қалаймыз. Жас өмірлеріңізді құртпай, білім алып, өмірлеріңізді гүлдендіруге ұмтылыңыздар. Жас ұрпақ есірткіге елікпесе екен деймін,- дейді бізбен қоштасарда Надежда.
Отан алдындағы борышын елордада өтеп келгеннен кейін Дмитрий есірткі қолдануды бастаған. Мұндай қадамға «екі қолға бір күрек табылмағандықтан» барғанын айтады.
-Әскер қатарынан келгеннен кейін лайықты жұмыс таба алмадым. Мектеп кезінде бірге оқыған достарым қатарларына тартты, күнде кешксіні жиналып арақ ішіп, шылым шегетінбіз. Кейін есірткіні қолға алдық. Достарымның барлығы да есірткі қолданатын. Қазір олардың тең жартысы бұл дүниеде жоқ. Бірде героинды мөлшерінен артық қолданып, барлығымыз естен танып жатқан жерден құқық қорғау органының қызметкерлері тауып алып, облыстық наркологиялық диспансерлік орталыққа әкеліп, қайта тірілтіп алды. Ал денсаулығы әлсіздер о дүниелік болып кетті... Бірде қатты ауырдым, содан кейін есірткіні тастадым. Отбасын құрдым, келіншегім қазақ отбасынан шыққан бойжеткен. Үш баламыз бар, бірақ үлкен ұлым мүгедек. Қазір өмірім өткенге өкінішпен өтіп жатыр. Бауырым қатып, тыныс жолдарымның қызметі бұзылған. Миымның кебіңкіреп кеткенінен басым ауырып, түнімен ұйықтай да алмаймын. Сондықтан да жастарға жаман әдетке бой алдырмаңдар, есірткіге жоламаңдар дегім келеді. Денсаулығыңнан да, отбасыңнан да айырыласың, балаларың да ауыру болып туылуы әбден мүмкін. Денсаулығың кеткесін еңбекке де жарамсыз болып қаларың анық,-дейді өткен ісіне өкінетін Дмитрий.
Нашақорлық-әлеуметтік ортақ проблема. Жер бетіне миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия десек те болады. Біз тілдескен қос кейіпкеріміздің де есірткіні басында қызығушылықпен дәмін татып, кейін өздерін тежеуге шамасы келмегендерін, ес жиғызбас есірткінің басыбайлы құлына айналғандарын айтты. Дәрігерлердің айтуынша, есірткіні пайдаланудың соңы қатерлі ісікке, құрт ауруына, психикалық ауруға әкеліп соғады. Жастардың насыбайды, темекіні, ішімдікті, қор-қорды (кальян) пайдалануының соңы көбіне есірткіге деген қызығушылығын тудырады екен. Сондықтан да жаман әдеттен бойымызды аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстанайық!
Венера МИРЛАН