Бүгін Маңғыстау облыстық обаға қарсы күрес станциясы 50 жылдық мерейтойын атап өтті. М. Өсінбаев атындағы филармония залында өткен салтанатты шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева, облыстық обаға қарсы күрес станциясының басшысы Мұратбай Майлыбаев, медицина саласының ардагерлері қатысып, әріптестерін жарты ғасырлық мерейтойымен құттықтады.
-Өткен ғасырда адамзат баласына үлкен залалын тигізген оба дертімен күрес қызметінің әлі күнге дейін маңызы сол қалпында. Тарихи түбек Маңғыстауда ең алғаш рет 16 ғасырда обаға ұқсас аурумен жаппай қырылу дерегі тіркелген болатын... Облыстық обаға қарсы күрес станциясының көлемді тарихының сындарлы жылдары 1967 жылдан басталған еді. Маңғыстаудағы оба дертіне күресте ең алғашқылардың қатарында бүгінгі шараның қадірлі меймандары ардагер-дәрігерлеріміз болатын. Әсіресе тырысқақ, оба сияқты аурулардың алдын алуда ерінбей еңбек еткен ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор. Осыдан 18 жыл бұрын Бейнеу ауданының Сам құмында оба өршуі болған еді. Қатарынан бес адам ауру жұқтырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық обаға қарсы күрес станциясы, Бейнеу аудандық ауруханасының дәрігерлері өздерінің ерен еңбектерін көрсетті. Эпедемияны тоқтатуға бар күштерін салды. Облыстық обаға қарсы күрес станциясының ағарту жұмысының нәтижиесінде осы болған ошақты дер кезінде жоюға мүмкіндік туды. Станция қызметкерлері ауыл ауылды аралап, обаны анықтау, пайда болған кезде қандай шаралар қабылдау қажет екендігін халыққа түсіндірді. Міне, осындай біріккен шаралардың арқасында оба ошағы тоқтатылып, адамдар аман қалды... Құрметті ақ халатты абзал жандар, ардагерлер Сіздерді бүгінгі мекеменің мерей тойымен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін,-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева.
Аймақта алғашқы обаға қарсы күрес пункті 1939 жылы Форт-Шевченко қаласында ашылған. Араға 28 жыл салып КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығына сәйкес облыстық обаға қарсы күрес станциясы құрылып, Ақтау қаласына ауыстырылған. Жарты ғасырлық тарихы бар мекемеде бүгінгі таңда 123 адам еңбек етеді. Станцияның бактериологиялық зертханасы обаға, тырысқаққа, бруцеллезге, сібір күйдіргісіне, сонымен қатар листериоз, пастереллезге зерттеулер жүргізеді. Одан бөлек, станция зертханасымен жыл сайын обаның алдын-алу үшін 26500-ға жуық жабайы аңдарға, 43 мыңнан астам кенеге және бүргеге зерттеулер жүргізіліп отырады.
-Қуана айтатын жаңалық 14 жылдың ішінде біздің облыста оба, тырысқақ дерті тіркелген жоқ. Соңғы рет оба індеті 2003 жылы Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылында анықталды. Тырысқақ ауруы болса, 2001 жылы тіркелді. Науқастар толықтай емделді. Негізінен оба ауруының инфекциясы табиғаттағы жабайы кеміргіштерде сақталады. Бірінші залалданған адамда оба бубонды, септикалық немесе біріншілік өкпелік формасы түрінде өтеді,-дейді облыстық обаға қарсы күрес станциясының басшысы Мұратбай Майлыбаев.
Салтанатты шарада «Еңбек ардагері» медалімен станция дәрігері Ибрагим Акимов, денсаулық сақтау министрлігінің төс белгісімен обаның алдын-алу және диагностика зертханасының меңгерушісі Руслан Мұхтаров марапатталды. Одан бөлек облыста оба дертінің алдын алуға атсалысқан бірқатар дәрігерлерге құрмет граммоталары мен алғысхаттар табысталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Венера МИРЛАН