Жаз айлары - мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жыл бойы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндегідей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс - мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. Жазғы демалыс кезінде мектеп жасындағы оқушылардың уақытын тиімді өткізу мақсатында қала мектептері жанынан күндізгі тынығу лагері өз жұмысын маусым айында бастаған болатын. Қазіргі уақытта қалада Т.Әлиев атындағы №1 орта мектепте, №8, №10, №12, №16, №19 орта мектептерде, сондай-ақ Рахат ауылында №15 және №18 орта мектепте, Қызылсай ауылында №4 орта мектепте, Теңге ауылында №14 орта мектептегі лагерьлерде балалар жазғы демалысын көңілді өткізуде. «Шаңырақ» шағынауданында орналасқан Т.Әлиев атындағы №1 орта мектепте «Алақай» лагері биылғы жылы бес ауысымда 350 оқушыны демалыспен қамтамасыз етеді. Аталған лагерьге Фатима Чаканова жетекшілік етеді. Лагерьде балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмайды. «Бала ойынға тоймас» дегендей, балалармен әртүрлі іс-шаралар мен спорттық ойындар өткізіп жүрген тәрбиешілер Алтынгүл Ақмолдаева, Ақмарал Қарасаева, Махаббат Тұрғанбаева, аға тәлімгер Айжан Хамиева, дене шынықтырушы Тобыш Әбілхандар балаларға қай кезде де көңілді күн сыйлауда. Тәрбиешілер әр күнге белгіленген түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, бал- ғындардың демалысы қызыққа, қуанышқа толы болуына бар күш-жігерлерін, өнерлерін аямай жұмсауда. Лагерь демалушылары арасында әртүрлі ойындар ойнатылып, денсаулық, рәміздер, тазалық, достық және «ЭКСПОға» байланысты тақырып бойынша сайыс, тренинг, кездесулер, эстафеталық сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Бір мезгіл балдырғандар сурет салып, тақпақ айтып, ән салады. Күнде жоспар бойынша таңертеңгілік жаттығулар, ертеңгіліктер, сайыстар өтеді. Сондай-ақ, лагерьдегі демалушы балалар Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру және сауықтыру орталығына барып, бассейнге шомылады, қаладағы кинотеатрға барып әртүрлі мультфильмдерді тамашалайды.
Тілектес, лагерьде демалушы:
- Мен биылғы жылы «Алақай» лагерінде демалып жатырмын. Бұл күндерім ұмытылмас күндерге айналды. Біздің еркін тынығуымыз үшін барлық жағдай жасалды. Жазғы демалыстың алғашқы күнінен-ақ саптық ұранды, лагерь әнін айту күнделікті әдетке айналды. Жаңа достар таптым. Достарыммен бірге мұражайға, «Ардагерлер аллеясына» барып, біздің танымдық ерекшеліктерімізді дамытып қана қоймай, көңілімізге мақтаныш сезім ұялатты. Бізге осындай жаз уақытында қуаныш сыйлаған мектеп әкімшілігі мен лагерь жетекшілеріне өз алғысымды білдіремін. №16 бастауыш мектептің жанынан ашылған «Жұлдыз» лагерінде бір ауысымда 60 бала қабылдайды. 4 ауысым бойынша жұмыс жасайды. Осылайша лагерьдің әр күні мәнді де сәнді өтеді. Бұл тұста балалардың демалысын қызықты өткізуге үлес қосқан тәрбиешілердің еңбектерін ерекше атап өтуге болады Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. Жазғы демалыс баршамыздың асыға да, ерекше күтетін мезгілдеріміздің бірі. Ал балалар үшін ерекше қуаныш. Балалардың көңіліне қуаныш ұялату әрбір азаматтың міндеті болып табылады. Қала мен аймақ мектептерінде жаз кезіндегі балалардың демалысын тиімді өткізу және лагерлерге қамту жыл сайын дәстүрге айналған шара. Әр отбасы өз балаларын бірі шетелдерге демалуға жағдай жасаса, бірі ауылдарға, бірі үйде қалдырады. Бірінің қалтасы көтерсе, екіншісінің қалтасы таяз болып, жазғы демалысын материалдық жағдайдың болмауына байланысты өз ойларындағыдай демалуға шамасы келмей жататыны хақ. Осы орайда «Бала - біздің болашағымыз», - демекші жыл сайын жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балалары мектеп жанындағы лагерьде он екі күндік демалысқа барып жүр.
Гүлсім ОСПАН