Жақында Жаңаөзен қаласындағы сауда орталығының бірінде «бомба қойылды» деп жалған ақпарат таратқан күдікті ұсталды. Оқиға 17 шілде күні болған. 1986 жылғы туылған «М» есімді азамат кешкі сағат 22.05.-те өзінің ұялы телефонынан Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығына қоңырау шалып, «Самал» шағынауданында орналасқан «Зиба» сауда орталығының жертөлесінде бомба тұр. 5-6 минуттан кейін жарылады», - деп хабарлаған болатын. Ішкі істер органдарынан құралған жедел тобы ойын-сауық орталығының ішінен 80 адам эвакуацияланып, айналасы 500 метр қашықтықта қоршауға алынып, іші-сырты тексерілді. Алайда, ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Жүргізілген шұғыл жұмыстарының нәтижесінде терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген күдікті сол күні 01.50. шамасында қолға түскен. Назарбай ЖАМБАЕВ, Жаңаөзен ҚІІБ ТБ тергеушісі: - Күдіктіге қарсы күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 273 бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл баптың санкциясы 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Оқиға орнына жасақталған ішкі істер басқармасының 50 қызметкері, 12 арнайы автокөлік, № 5548 әскери бөлімінің 22 сарбазы, төтенше жағдай бөлімінің 24 қызметкері мен жедел жәрдемнің 2 бригадасы шыққан. Естеріңізге сала кетсек, қалада мұндай оқиға 2016 жылы да тіркелген болатын. 25 қараша күні сағат 18.54.-те «Рахат ауылындағы № 21 орта мектепте бомба бар» деп жалған ақпарат берген 1991 жылғы «М» есімді азамат екі жылға бас бостандығынан айырылған еді. Жалған ақпар беріп, елді құлақтандыру - өз өміріне балта шауып, өз құқығына, өз бостандығына шектеу қоюға апаратындықтан, әр нәрсені ойлана отырып, әр ісіңе, әр сөзіңе жауапты болуға шақырады.
Сәуле ЖОЛМАНБЕТОВА