Биыл Каспий теңізі Кендірлі аумағында қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық жағажай салынып, жаз маусымы басталысымен пайдалануға берілді.
«Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мәліметі бойынша 5 гектар аумақты алып жатқан жобаның жалпы құрылысы 262,382 млн. теңгені құрады. Құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталып 2017 жылдың мамыр айында толық аяқталды. Жобаны орындаған мердігер компания - «Фирма Жак-Жал» ЖШС.
Жағажайда балаларға арналған 2 ойын алаңы, 2 кафе, 4 шатыр (навес), футбол, волейбол алаңдары, 4 жуыну алаңы, 6 киініп- шешінетін орын, құтқарушылар және полиция пункттері, 4 дәретхана және автотұрақ орнатылған.
Атап айту керек, жағажай құрылысы қаламыздағы «Өзенмұнайгаз» АҚ компаниясының демеушілігімен жүзеге асырылды. «Өзенмұнайгаз» Акционерлік Қоғамы ұзақ жылдардан бері Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына қолдау көрсетіп, жыл сайын қомақты қаражат бөліп келеді. Аталған қаржы қала, аудандардың әлеуметтік-инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік құрылыс қарқынын нығайтуға өз септігін тигізіп отыр.
Теңіз жағасына заман талабына сай жағажай салу көптен бері жаңаөзендіктердің көкейінде жүрген мәселе болатын. Ұсыныс кімнің тарапынан түссе де, атқарылған істің халық игілігі үшін қызмет етері қуантады.
Нұрлан МЫРЗАГЕЛДІҰЛЫ, демалушы:
- Жағажай өте ұнады. Отбасымызбен келіп демалып отырмыз. Бәрінен де балалар мәз-мейрам. Теңіз жағасында осындай әдемі, мәдени орын салынса деген көптің тілегі еді. Бүгін осы сәттің куәсі болып отырмыз. Теңіз керемет, бірақ жағалау таза емес, шөлмек сынықтары, өткір заттар көп. Дәретханалар белгісіз себептермен жұмысын тоқтатып тұр. Сонымен қатар киініп-шешінетін орынның санын көбейтсе дұрыс болар еді. Бірақ «Біткен іске сыншы көп» дейді ғой халқымыз, көш жүре түзеледі. Өз уақытымен бұл олқылықтардың орны толар деген сенімдемін. Осындай игі іске мұрындық болған ел ағаларына үлкен рахмет!
Нұрхан МҰСТАФАЕВ, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда осы жағажайды күтіп ұстау, тазалығын қадағалау, басқа да әлеуметтік мақсатта жұмысты ұйымдастыру, кәсіпкерлерді тарту бағыттары бойынша жан-жақты жоспарлар бар. Соның бірі - аталған аумақты сенімгерлік басқару тәртібімен конкурс нәтижесінде бір мекемеге тапсыру көзделген. Алдағы уақытта осы конкурстың өтуіне орай дәретхана, жуыну алаңдарындағы су, канализация мәселелері шешіледі.
Өзен десең өзіңе тиеді, дегенмен, осы тұста демалушылардың қоғамдық мәдениетінің төмен екендігін айтпай кетуге болмас. Ашылғанына 2 ай болмаған жағалауды ластап, киініп-шешінетін орындарға түрлі гигиеналық қоқыстарын тастап, тіпті дәрет сындырып кеткен де келушілер бар екен. Тазалық - жалпыға ортақ талап. Аталған жер тегін аумақ болғандықтан, әрбір демалушы ең алдымен қоғамдық мәдениетті сақтап, қоқыстарын арнаулы жерлерге тастап, өзіне де өзгенің еңбегіне де құрметпен қараса жөн болар еді.
Айжан НАСЫРОВА