Жаңаөзен қаласында орналасқан 5548 әскери бөлімінде биылғы жылдың мамыр айында әскери борышын өтеуге шақырылған 109 жас сарбаз ресми түрде ант қабылдады. Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев, ардагерлер, ішкі істер басқармасының басшылары және ата-аналар қатысты. - Сіздердің қызметтеріңіз - әрбір қазақстандық отбасының тыныштығы мен ертеңгі күнге деген сенімінің кепілі. Алдағы бір жылда аянбай қызмет етіп, ұлттық намысымыздың туын биіктен желбіретіңіздер, - деді қала әкімінің орынбасары Н.Худибаев салтанатты шара барысында жауынгерлерге арнаған сөзінде. Әскерге шақырылып, сарбаз атанған жастардың басым бөлігі Қарағанды, Петропавл, Орталық Қазақстан өңірлерінен келген ұландар. Сондай-ақ ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Абат Әділов, Теңге ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Жақсылық, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Қуандық Бекмағанбетов, Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Сәтбай Құлсариев және ата-аналар сарбаздарды құттықтап, олардың болашақ қызметтеріне сәттілік тіледі, ақ батасын берді. Әскери бөлімнің жаттығу алаңында жас сарбаздар қысқа мерзімде алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарды көрсетіп, салтанатты маршпен өтті. Осындай маңызды күні сарбаздардың ата-аналары да үнсіз қалмады. Қарағанды облысынан келген ата-аналардың бірі Өжет Ахметова: «Сарбаздар берген анттарына адал, аттарына заты лайық азаматтар бола берсін! Әскери міндет - өте маңызды абыройлы іс. Ел алдында, Отан алдында, халықтың алдында міндеттеріңді адал атқарып, үйлеріңе аман-сау оралыңдар. Біз сендерді үйде күтеміз!», - деді.
Ант қабылдау салтанаты жабық деп жарияланғаннан соң әскери бөлім басшылары бөлімнің клубында ата-аналармен кездесіп, әңгімелесіп, көптеген сұрақтарға жауап берді. Бұдан соң алыстан ат терлетіп келген ата-аналар балаларымен кездесіп, көзіне жас алып құшақтасты. Және де өздерінің балалары жатып демалатын, тамақ ішетін орындармен танысты. Салтанат соңы әскери бөлімнің көркем өнерпаздарының шағын мерекелік концертіне ұласты.
Гүлсім МҰРЫНОВА