1 шілдеден бастап қалада «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымы өз жұмысын бастады. Жасақ жастары қаланы тазарту, абаттандыру жұмыстарына кірісіп кетті. Күнделікті ағаш егіп, қаланы көркейтуге өз үлестерін қосуда. Жақында «Өзен» мейрамханасында «Жасыл ел» жастар жасағының XIII еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті.
Мерекелік шараға қала әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев қатысып, «Әр адам өз елінің патриоты болуы керек. Жастар - ұлт келешегі. Ертеңгі қоғамның айнасы іспеттес. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақ қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Жастар, сендерге еңбектеріңізе табыс, сәттілік тілеймін», - деп лебізін білдірді. Сондай-ақ, салтанатты шараға Теңге ауылының әкімі Үбін Максимов, Рахат ауылының әкімі Бақыт Нұржауов, Қызылсай ауылының әкімі Бақытжан Изджанов, Теңге ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Жақсылық және бірқатар студенттер қатысты. «Жасыл ел» жобасының негізгі мақсаты - жастардың көмегімен аймағымызды көгалдандыру, абаттандыру, сол арқылы студенттер мен жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтып, жас ұрпақ арасында патриоттық және экологиялық тәрбиені насихаттау. 2005 жылы Елбасының бастамасымен құрылған «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатарында бүгінгі күнге дейін 250 мыңнан астам жас сарбаз еңбек еткен. Олар 50 миллионға жуық ағаш отырғызып, 130 мыңнан астам гектар жерде жұмыс жүргізді. Қалада 2015 жылы 400 бала жұмыспен қамтамтылса, 2016 жылы 100 бала, ал осы маусымда жасыл елдегі жастар қатарына 250 сарбазбен толығып отыр. Сондай-ақ бір күнде «Жас құрылысшы», «Ұлағат ұландары», «Жасыл ел» үш бірдей еңбек жасағы өз жұмыстарын бастады. Шара барысында талантты әншілер Жадыра Қоңырова, Бектас Гилажов әннен шашу шашса, жас дизайнер, О.Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжінің студенті Руслан Нұржауов өзі жасап жүрген әшекей бұйымдарын көрсетті. Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жадыра Шалабаеваның айтуынша, бірінші маусымда 100 бала еңбек ететін болады. Және де биылдан бастап жастарға төленетін жалақы республикадан емес, жергілікті бюджеттен төленетін болады. Бүгінде қала және қалаға қарасты Қызылсай, Рахат, Теңге ауылдарында тазалық жұмыстары жүргізілуде, балалар күніне 8 сағат жұмыс жасап, оларға әртүрлі спорттық, мәдени шаралар ұйымдастыралады. Қалампыр ОРАЗЫМБЕТОВА, мектеп лицейдің 11 сынып оқушысы: - Мен биыл 16 жасқа толып, еңбекке араласу құқығына ие болдым. Өзімнің қалауыммен «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастым. Ауыл аумағын көріктендіріп, көгалдандыру үшін тер төгемін. Жасыл елдің сарбазы атанғанымды мәртебе санаймын. Жазғы демалысымды мен осында өткіземін. 1 ай бойына «Жасыл елде» жұмыс істеп, оқуға қажетті киім-кешегімді аламын.
Гүлсім Оспан