22-23 шілде аралығында Гонконгта жастар арасында дзюдодан Азия кубогі сарапқа салынды. 10 мемлекеттің дзюдошылары бас қосқан додадан маңғыстаулық балуандар, «Жас батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері 60 келі салмақта Рамазан Мамаев пен 66 келі салмақта Сұңғат Жұбатқан алтыннан алқа тағып, Азия кубогінің иегері атанды. Сондай-ақ 55 келі салмақта Бауыржан Нарбаев, 66 келі салмақта Бауыржан Сағынғалиұлы күміс медальді қанжығалап, аймақ абыройын асқақтатты. - Барлық кездесулер де тартысты өтті, қарсыластарымның осалы жоқ. Бұл жолы моңғолиялық, қытайлық, кореялық, қазақстандық қарсыластарымды айқын басымдылықпен жеңіп, жарыс жеңімпазы атандым. Халықаралық жарыста топ жарып, жерлестеріме алтын медальді сыйлағаныма өте қуаныштымын. Алдағы уақытта Елдос Сметов ағамыз сияқты әлемді мойындатып, Олимпиада шыңын бағындырып, елімнің әнұранын Олимпиада төрінде әуелеткім келеді,-дейді дзюдодан Азия кубогінің иегері Сұңғат Жұбатқан. Байрақты бәсекеде ел намысын 8 балуан қорғады. Жарыстың қорытындысында Қазақстан қоржыны 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальдармен толықты.
Венера МИРЛАН