©
Жайдары жаз мезгілі көңілді сәттер, қызықты күндермен есте қалады. Демалыс маусымына аяқ басқан балалар мәз-мейрам болысып, теңізде жүзіп, балық аулап, таң атысы күн батысы көше кезіп, асыр сап, ойнайды. Ересектер де еңбек демалысын жаз мезгіліне орайластыруға тырысады. Кәрі Каспий жағажайы еліміздің әр түкпірінен түбекке табан тіреген, тіпті шетел туристерін аса қызықтырады. Тұзды шипа суына шомылып, құмды жағажайда күнге қыздырынып, теңіз нәрі сіңген, балдыр мүңкіген самал желді сіміруге құштар жандар жаз маусымы басталысымен ақмаржан қалаға асығары сөзссіз. Бүгінде теңіз жағалай салынған демалыс орындары жыл санап артып келеді. Қызмет көрсетудің жоғары деңгейі, жайлы жатақ орындар, асханалар мен арнайы алаңқайлар бәрі дерлік қамтылған. Алайда өңір аумағында демалу-көңіл көтерумен қоса емдеу-сауықтыру қызметін қатар ұсынатын шипажайлар сирек. Таза, жанға жайлы, мың бояулы «Сая» шипажайы жаз мезгілінде серігіп, тынығып, әрі денсаулығын оңалтуға ниет еткен жандарға таптырмасын орын. Теңізге түсіп, түбіне сүңгіп, құлаштап жүземін десең де, емдік қасиеті бар ыстық суға шомылып, тырысып-құрысқан бойыңды жазам десең де өз еркің. Шипажай директоры Ұлболсын Ахметова отыз жылға жуық еңбек өтілі бар өңірге танымал кәсіпкер. «Сая» демалыс орталығының ең басты ерекшелігі - жер астынан бұрқақтаған емдік қасиеті мол су. Ал сан дертке шипа, жанға дәрмен, бойға қуат дарытар жерасты суының өзіндік тарихы бар.
Ұлболсын Ахметова шипажай құрылысын үш жыл бұрын қолға алды. Шипасы мол, энергиясы зор су көзін тауып, емге пайдаланып, ел игілігіне жаратуы тылсым оқиғамен тоғысады. Ұлболсын апа бірнеше жыл бұрын ауыр дертке шалдығып, төсек тартып жатады. Қол-аяғынан әл кетіп, арбаға таңылған күйі күн кешеді. Бірде түсіне ғайыптан аян беріп, ауыр дерттен құлан-таза айықтырар ерекше су кіреді. Сол күннен бастап Ұлболсын апа өлкенің түкпір-түкпірін аралап, емдік қасиеті мол ыстық суды іздейді. Нәтижесінде бүгінгі шипажай орнындағы су көзіне кезігеді. Табиғи қасиеті ерек, ыстық су бойдағы ауру-сырқаудан арылтып, бір жұмада аяғына тік тұрғызады. Емге жарап, дертіне шипа болған бұлақ көзін халыққа ортақ игілікке айналдыруға тырысады. Осылайша «Сая» атты шипажай бой көтеріп, өз жұмысын бастайды.
Шипажай аумағы кең. Арнайы қонақүй бөлмелерімен қоса жеке үйшіктер де орналасқан. Қазақы нақышты, ою-өрнекті киіз үйді жалға алып, жиын-той өткізем, ағаш үйлерде дем алам деушілерге жағдай жасалған. Әрине, шипалы суға сүңгіп, емдік массаж алып, буын-буынына парафин жағып емделем деушілер қонақүй бөлмесіне тұрақтайды. Күніне төрт мезгіл тамақ, жылы жүзді, әркез жымиып жүретін персонал, таза, жарық, кең әрі жайлы бөлме көңілден шығары сөзссіз. Сан мәрте ауыстырылып, мерзгілді реттеліп отыратын хош иісті төсек-орын жаймалары да назардан тыс қалмасы анық. Массажист, терапевт-дәрігерлер де өз ісін білетін мамандар. Қонақүйге егде жастағылар да, жастар жағы да тұрақтаған. Бүгінде көп ауру жыл арта жасарып жатқандығын жиі естиміз. Содан болар, шипажайдың емдеу-сауықтыру қызметіне жастар да зәру көрінеді.
«Сая» шипажайы аумағынан бұрқақтаған жерасты суы қасиеті жағынан ТМД елдерінің арасында теңдесіз көрінеді. Тіпті мынау тұрған Сарығаш пен анау жатқан Есен-туккиден де минералды құрамы, пайдасы жағынан кем түспейді. Ұлболсын Ахметованың бастамасымен су құрамы Ресейдің Пятигорск қаласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтының арнайы зертханасында талданып, көптеген ауру түріне ем екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген.
Мәселен, термальды судың ионды құрамы адам тәніне оң ықпал етеді. Қан айналымын жақсартып, теріні жұмсартып, өң беріп, ағзаны жасарта түседі. Термальды ванна қабылдау жүрек-қан тамырлары, ас қорыту, орталық және шеткі жүйке, тірек-қимыл, жыныс жүйесіне және ағзаның эндокриндік құрылымына жағымды әсер етеді екен. Зат алмасу үрдісін жақсартып, баяулау салдарынан туындайтын түрлі дертке дәрмен болады. Ғылымда «бальнеотерапия» деген термин бар. Бұл дегеніміз табиғи не жасанды минералға бай суды аурудың алдын алу мақсатында пайдаға жарату. «Сая» шипажайында бальнотерапия әсіресе жүрек миокардына шалдыққан, буындарына, ас қорыту жүйесіне ота жасалған науқастарға аса қажет ем-дом. Ыстығы жоғары жерасты суының аса ауыр халде жатқан, ауруы асқынған науқастарға қарсы көрсетілімдері бар. Өкпе құрты, мерез сынды жұқпалы дерті бар, қатерлі ісік, жатыр обыры, жүрек астмасымен ауыратын жандар термальды судан сақтанғаны жөн.
Бүгінде «Сая» шипажайына келіп, беті бері қарап, тіпті дертінен құлан-таза айығып жатқан жандар қаншама. Мәселен, жуырда ғана қоларба сүйреп, еркін қозғала алмай, ғаріп күй кешкен Айсұлу әже он күндік ем-домнан соң аяғына тік тұрып, балдаққа сүйеніп, адымдады. Кәрілік жеңіп, омыртқа, бел, жамбас жотасы желініп, тік тұрып, жүруі жанға батып, мүшкіл хал кешкен ана ауруынан айығуына бірден-бір себепкер «Сая» шипажайы және білімі жетік мамандар деп біледі.
«Жердің төсін тесіп шыққан қасиеті зор судың пайдасы маған көп тиді. Күніне үш мәрте ыстық суға бір сүңгіп шығып, демалатынмын. Бойың жеңілдеп қалады. Қызметкерлері де керемет. Жылы жүзді, әркез кеңес беруге дайын жастар. Парафин жағып, массаж жасау адам ағзасына өте пайдалы. Шипалы судың және әр түрлі ем-домның арқасында аяғыма тұрып, таяққа сүйенсем де, жүре алатын жағдайға жеттім. Әсіресе, шипажай директоры Ұлболсын Ахметоваға, ол кісінің бойындағы зор адамгершілік қасиетке, мейірімі мен қамқорлығына дән ризамын»,-дейді Айсұлу әже.
Аты атап тұрғандай «Сая» шипажайы жарымжан, мүжәлсіз жандардың жанына сая, көңіліне демеу болар керемет демалыс орны. Шипажайда ардагерлер, әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелері мен жалғызілікті қарттар тегін демалып, көңілі марқайып қалады. Әрине, мұның барлығы Ұлболсын Ахметованың ізгі бастамасы деп білеміз. Танымал кәсіпкер ерте бастан-ақ қайырымды істерімен көп алғысына бөленген еді. Мәселен, қаладағы оннан аса мүжәлсіз отбасының толықтай шығынын өтеп, азық-түлікпен қамтитын Ұлболсын апа ерге бергісіз істі атқарып, ауыр жүкті арқалап жүрген жан. Бүгінде Ұлболсын Ахметова иелігіндегі «Сая» шипажайы гүлденіп, қызмет түрлерін жетілдіріп келеді. Алдағы уақытта саялы шипажайдың еліміздің сан түкпірінен толастамай ағылған туристер тоқтайтын халықаралық талаптарға сай үлкен орталыққа айналуына сенім мол.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ