Орталық коммуникциялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында халықаралық Пулитцер сыйлығының екі мәрте иегері, жиһангер-жазушы Пол Салопектың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Пол Салопектің жеті жылға жоспарланған саяхаты 2013 жылы «National Geographic» журналының қолдауымен Африкадағы Эфиопиядан бастау алды. Сапар «Out of Eden Walk», яғни «Эденнен басталған саяхат» немесе «Жұмақтан қашу» атты жоба аясында жүзеге асады. Мақсат – тас дәуірі кезеңіндегі ежелгі адамдар жүріп өткен жол негізінде дүниежүзін жаяу аралау. Пол Маңғыстау өңірі арқылы Шығысқа қарай жол тартып, Орталық Азия елдері, яғни Өзбекстан, Қырғызыстаннан асып Қытайға еніп, одан әрі Тынық мұхитын кемемен кесіп өтіп, Аляска штатына аялдайды. Аляскадан бастап, бүкіл Америка дүниеге бөлігін бетке ала жүріп, Оңтүстік Америка құрлығының қиыр шеті Тьерра дель Фуэго провинциясына кеп тоқтайды. Бұл Пол Салопек сапарының соңғы нүктесі. Ал ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, адамзат табаны тиген жер бетінің ең соңғы бөлігі.
«Мен Ақтауға желтоқсан айының соңында Баку қаласынан кеме арқылы келдім. Қыс мезгілін өткеріп, жауын-шашын, ызғар, қара суық сынды ауа-райы қолайсыздығының аяқталуын күттім. Өзім жүріп өткен елдерде халық тұрмысымен етене танысып, әлеуметтік-саяси, экономикалық көзқарасы мен дүниетанымына үңіліп, көрген-білгенім, түсініп-түйсінгенім турасында әлемдік оқырмандар аудиториясымен бөлісу – саяхатымның негізгі бөлігі. Ендігі кезек мен 650 шақырым қашықтықта орналасқан Өзбекстан шекарасына дейін жаяу жол жүремін. Ал «National Geographic» журналы оқырмандары тарапынан Маңғыстау өңіріне зор қызығушылық туатындығына сөз жоқ»,-дейді кәнігі публицист.
Жазушы-журналист Пол Салопек дүниенің әр қиырындағы текетірестер, саяси жанжалдар мен жаңалықтар жайлы жазып, нәтижелі зерттеулер мен өнімді публицистикалық еңбектерімен ерекшеленген жан. Алғашқы Пулитцер сыйлығы гендік инженерия саласындағы қомақты ғылыми еңбегі үшін табысталады. Екіншісі Ангола, Конго елдерінде ұзақ өмір сүрген Полға адам құқығы мен әскери журналистика саласында жргізген өнімді әрі нақты зерттеу жұмысы үшін беріледі.
«Адам мол ақпарат көзіне қаныққанымен, астары мен мән-мазмұнына аса назар аудармайды. Жаяу саяхат жасау барысында ақпаратты асықпай, аптықпай, зер салып, зейін қойып қорытуға мүмкіндік мол. Өмірдің ең керемет сәттері баяу өтеді. Журналистикадағы жеделдіктен гөрі баяу, мазмұны бай ақпаратты беру қызықтырақ»,-дейді жиһангер.
Пол Салопек Маңғыстау өңірінің аласа таулары, жұмыр жоталары мен қырқалары, ұсақ шоқылары мен жазықтары тылсым әрі теңдесіз табиғат тамашасына таңданысын жасырмады. Кәрі Каспий жағалауы, «ашық аспан астындағы мұражайдың» көне жәдігерлері – жер асты мешіттері жиһангерді тәнті еткен көрінеді.
«Маңғыстау өңірі табиғи сұлулығымен ерекшеленеді. ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандарының тізіміне енген Бозжыра шатқалы сол таңғажайып табиғат туындыларының бірі. Ал Ақтау қаласы әр түрлі ұлт өкілдерінің ынтымақ ұясындай. Қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен қонақжай көңіл, кең пейіл жадымда мәңгі сақталады. Саяхат барысында кезіккен, кездескен, дәмдес-тұздас болған жандар жайлы ыстық естеліктер мен бақытты сәттер менің жүрегімнен орын алады»,-дейді Пол Салопек.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ