Аймаққа арнайы келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Тарас Хитуов, Балайым Кесебаева Мұнайлы ауданындағы бірнеше мекеме ұжымдары және тұрғындармен кездесіп, сапар мақсатына сай түсінік жүргізді.
Алдымен аудан әкімдігінде аудан белсенділері, ақсақалдарымен бас қосты. Ішкі істер бөлімінде де болып, жергілікті полиция қызметкерлерімен, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде теміржолшылармен, Батыр ауылында ауыл жұртшлығымен жүздесті. Онда халық қалаулылары билік тармақтарын қайта бөлу, Президент Жолдауы мен Үндеуі, "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласы туралы сөз алып, жаңа заң жобалары, қабылданып, өзгертіліп жатқан заңдар жайында ақпарат берді. Халықтың пікірін тыңдады.
Депутаттарға жолдаған сұрағында машинист Оңайбай Нұрханов Түрікменстанға зират жасау визасын алуға біраз уақыт жұмсалатынын айтып, жылдамдату жайын алға тартса, Теміржолсу мекемесінен Еркін Сапаев түрікмен еліне барушылар үшін жақын маңнан қосымша бақылап өткізу пункті (КПП) керектігін атады. Аудандық мәслихат хатшысы Бердібек Назар мемлекеттік сатып алуға құжат рәсімдеу уақытын қысқарту жқнінде ұсыныс білдірді. Соның салдарынан ауылдардағы тазалықты ұйымдастыру кешеуілдеп, қоқыстар жиылып қалады, деді ол. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметіндегі штатты тұрғындар санына қарай көбейту, ауданнан тіркеу емтихан бөлімшесін (РЭО) ашу туралы сұрақтар жолданды.
- Түрікменстаннан оралған ағайындардың туыстары әлі де сол жақта. Барыс-келісі үзілмеген. Мысалы олар Ташауыз облысына баратын болса, Бегдашы, Түркменбашының үстімен өтеді. Алыстан айналып, артық шығын шығаруға тура келеді. Ақтау қаласынан Бегдашыға дейін жол шамамен 450 шақырым. Оған автокөлікпен ғана жете аласың. Бұрын Қарақалпақстанның Қожелі ауданында Түрікменстанның Көнеүргенч қаласына өтетін бақылау пункті болатын. Егер елдер арасында келісімге келіп, сол жер арқылы шекарадан өту мүмкіндігі берілсе, онда теміржолмен лезде баруға болар еді. Жол қысқарып, адамдардың артық қаржысы қалтасына қалады,-деген Е.Сапаев "Маңғышлақ-Түрікменбашы" жолаушылар пойызын жүргізу жайын да көтерді.
Кездесуге "Нұр Отан" партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалнияз Оңдабаев, Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қалиолла Сахипов, теміржол мекемелерінің басшылығы да қатысты.
Шахида Жұман