Екі күн бойы облыс орталығындағы «Каспий» спорт кешені жанкүйерлерге лық толып, дзюдо күресімен тыныстады. Халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы дзюдодан халықаралық турнир екінші күні 2001-2003 және 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында жалғасты. Шын мықтыға тұсау жоқ екенін бұл жолы маңғыстаулық жас балуандар да дәлелдеді. Екінші күні турнирдің шымылдығын ашып, түндігін түрген балуандарымыз жерлестеріне 7 алтын, 5 күміс, 12 қола медальдарды сыйлады.
- Осы апта облыс тұрғындары үшін спорттық жарыстармен есте қалатын болды. Өңірімізде 10-15 аралығында халықаралық деңгейде қос жарыс өтті. Жарысты ұйымдастыруға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық самбо федерациясы, облыстық дзюдо федерациясы және «Альянс ЛТД» мекемесі, түбекке белгілі көптеген кәсіпкер азаматтар қаржылай көмек көрсетті. Барлығына зор алғысымды білдіремін. Халықаралық деңгейде мұндай турнирлер өткізу көршілес елдердің өзара ынтымағы мен қарым-қатынасын нығайтып ғана қоймай, спортшылардың біліктілігін шыңдап, өзге де жарыстарға қатысуына жол ашады. Облыста сегізінші рет ұйымдастырылып отырған «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турниріміз соңғы жылдары қанатын кеңге жайып, географиялық тұрғыдан өсіп келеді. Жыл санап жарысқа қатысуға ниет білдіретін балуандар қатарының көбейіп келе жатқанына да бізді қуантады, - дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.
Жүректілер мен білектілердің айқасында 2001-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында 35 келі салмақта Данияр Жолболдин (Маңғыстау ауданы), 38 келі салмақта Нұрсұлтан Манарбекұлы («Жастар» спорт мектебі), 42 келі салмақта Нұртілек Атшыбай («Жастар» спорт мектебі), 46 келі салмақта Айбар Сайфеков («Толқын» спорт мектебі), +55 келі салмақта Мұхаммед Зұлқарнаев (Шетпе кенті) және 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында 25 келі салмақта Рамазан Нұрмамбед (Жыңғылды спорт интернаты), 28 келі салмақта Рысбек Саламат (Жыңғылды спорт интернаты) алтынмен апталып, жарыс жеңімпазы атанды. Аталмыш жарыстан топ жарып, 1,2,3 орынды иеленген жеңімпаз балуандарға «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ та беріледі.
- Жалпы біз бүгінгі жарысқа 64 балуанды әкелдік. Спортшыларымыз жақсы нәтижие көрсетіп, үмітімізді ақтады. Екі балуанымыз алтын медальді иеленсе, 4-еуі күміс және 8-і қола медальдарды еншіледі. Халықаралық деңгейде өткен турнирде мұндай көрсеткішке ие болу біз үшін үлкен қуаныш, - дейді Жыңғылды спорт интернатының бапкері Ерлан Байысбай.
Халықаралық турнир қорытындысы бойынша командалық есепте Маңғыстау облысы бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Батыс Қазақстан облысы және үшінші орынға семейліктер тұрақтады.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="3113,3117,3120,3121,3123,3124,3126,3130,3131,3112,3133,3134"]