Маңдайына жеңіл автокөлік міну жазылмаған жандар күнделікті шаруасын автобуспен жүріп, бітірмегенде, қайтеді? Жұмысқа баратыны таңертең «бисмиллә» деп автобусқа отырады. Түскі үзілісінде үйге баратындары кейін қарай тағы отырады автобусқа. Одан кері қайта мінеді. Кешке жұмыстан шыққан соң да автобусқа қарай жүгіреді. Арасында жұмыс бабымен, не жеке шаруасымен автобусқа жиі отыруға мәжбүр болатын кездер де аз болмайды. Сенбі, жексенбі күндері де автобусқа қарай телмірумен өтіп жатыр. Жұмыстан бос үлкен кісілер де солай, бір автобустан екіншісіне мініп жүргені. Қайбір еріккендік дейсің, күйбең тірлік та.
Шүкір, бүгінде алақандай Ақтаудың ауқымы ұлғайып, су жаңа шағын аудандар молайып келеді. Шағын аудандар көбейген сайын оларды толтыратын тұрғындар да көбейе түсуде. Соған орай қаладағы автобустар бағыттары да өзгеріп, аялдамалар саны артты. Қаланың бір шетінен екінші шетіне 40-50 минуттай жүріп барсаң да, әйтеуір автобустың қатынап тұрғаны жақсы. Жақсыны көрейік, барды бар дейік.
Рас, қоғамдық автокөліктердің тоқтап, жолаушыларын мінгізіп-түсіретін аялдамалары көбейгенін естіген кезде тіршілігі автобусқа байланғандардың қуанбағаны жоқ. Бірақ... Ауызға еріксіз ілініп, тілді күрмей беретін осы «бірақтың» беймезгіл жүре беретіні бар ғой. Ол да қайбір еріккеннен жүреді дейсің, кезегі келіп тұрған бірдеңені айтқысы келеді-дағы.
Бір-екі айлықта №2 бағытпен жүретін автобуста отырғанбыз. Автобус 28-шағын аудандағы «Рауан» мейрамханасының маңынан өте бере кондуктор келіншек «Бәйтеректен түсетін бар ма?» деп айқай салды. Ешкім үндемеді. Автобусымыз әлгі «бәйтеректен» айналып кете бергенде бір әже орнынан тәлтіректеп тұрып, аялдамадан түсуі кректігін айтып, есікке жақындай берді. Сонда кондуктор әжеге: «мен жаңа сұрадым ғой, «бәйтеректен» түсетін бар ма, деп. Сонда неге үндемедің? Енді келесі аялдамадан түсесің. Бұл жерден тоқтауға болмайды, «бәйтеректен» өтіп кеттік», деп дүрсе қоя берді. «Балам-ау, мен естімей қалыппын, түсіре қойшы. Келесі аялдама менің үйімнен алыста ғой» деп жыламсыраған әжеге болыспақ болып, мен де үлкен кісінің естімей қалуы мүмкін екенін, белгіленген аялдамада міндетті түрде тоқтауы керек екендігін айтып едім, кондукторымыздың жауабы дап-дайын екен.
-Қойыңдаршы басымды ауыртпай. Таңғы сағат 5-тен бастап екі аяғымызға тыным жоқ. Күнұзағына сендейлердің талайын көреміз. Шаршатып болдыңдар сендер-ақ. Біз сендер құсап ерігіп жүрген жоқпыз, автобустардың белгілі уақытынан қалмауымыз керек. Ешкім мінбейтін де, түспейтін де болса, ол аялдамаға тоқтап, уақыт өлтіргіміз келмейді,-деп төкпелетті келіп.
-Шырағым-ау, сені кім бұл жұмысқа қинап орналастырған? Мұны қиын көрсең, орындықта отыратын жұмыс тауып алып, екі аяғыңа тыным бермейсің бе?-дегенімде бұған да ұтымды жауабын берді.
-Қойыңдар дедім ғой сендерге. Неге мені талайсыңдар? Менің күйеуім жоқ, бес балам бар үйде. (Бізде күйеу бар да, бала жоқ сияқты). Осы автобуспен асырап жүрмін оларды. Қойыңдар, менде шаруаларың болмасын,-деп.
«Қой» дегенде ит те қоймай ма, ақымақпен одан әрі айтысқым келмей, жеңіле салдым. Бүгінгі қоғамдағы ең дұрыс та оңай жол осы емес пе? Біз-ақ ерігіп жүрген болайық. Бір автобус толы адамның барлығы еріккеннен жүрген болсыншы. Манағы әжеміз де «ит өлген жерден» түсіп, кейін қарай кетіп бара жатты қисаңдап. Сол жерден түсе салысымен қалтателефоныма түсіріп алғанмын автобустың мемнөмірін. Сол күні-ақ онымды байқаусызда өшіріп алыппын. Әттеген-ай.
Бұған дейін де, бұдан кейін де автобусқа мінген сайын бір «қызыққа», не бір жаңалыққа тап болып, «көзіміз ашылып» жатады ғой. Солардың бірі—жаңа шағын аудандардағы алыс аялдамаларға баратын жолаушы табылмаса, ол жақтарға бармай-ақ қоюдың амалы. Осы «екілікке» отырған кезде кондуктордың: «қан орталығына бар ма?» деп айқайлап жататынын жиі еститінмін де, өзімнің ол жаққа жолым түспеген соң аса назар аудара қоймайтынмын. Сөйтсем, бұл да бір үлкен мәселе екен. Ал кеттік.
32 «а» шағын аудандағы бір үйге баруым керек болып, «екілікке» отырарымда кондуктордан сұрадым қалай бару керек екенін. Ол «общагадан» түсетінімді айтты. Мен алғысымды айттым. Бір кезде кондукторымыздың әдеттегісінше: «қан орталығына бар ма?» дегені. «Қан орталығың не, мен «общагадан» түсуім керек еді ғой, бұл қалай сонда?» деп шыр ете қалдым. Кондуктор сассын ба, «общагадан» түсетін болсам, алдыңғы аялдамадан түсуім керектігін айтып тұр бетіме қарай бақырайып. «Ол басқа аялдама еді ғой», десем, «сен баратын үйге сол жерден түсіп баруға болады. Қазір «общагаға» тоқтамайды. Енді сен үшін қан орталығына баруымыз керек болды ғой», деп кейіді. Оны ренжітіп алғаныма ыңғайсыздандым да, қайтар кезде қайсы жерден отыруым керектігін сұрадым. Ол қарсы бетті нұсқады. Сонымен, барар үйіме барып, шаруамды бітіріп, кейін қарай жүрдім. Жолдан өтіп, кондуктор көрсеткен аялдамаға келдім. Кешегі күн күйіп тұрған кез ғой. Өртеп барады. Сонда да «5-6 минутта жетіп келетін «екілік» еді ғой, келіп қалар» деп, өзімді жұбатумен 18 минут тұрыппын. Қарсы бетте автобус күтіп, көлеңкеде бір ағай тұрған. Жоғары қарай автобус өтпеген соң кері қайтатын көліктің болмайтыны белгілі сірә. Қан орталығына баратын жолаушы табылмағасын бері қарай бір де бір автобустың аттап баспағанын түсіндім. «Ой, Алла-ай. Сонда бұл жаққа келетін адам болмаса, мына жақтан қайтатын кісі тұра беруі керек пе екен сарылып?» деп ойладым да, одан әрі сабырым жетпей, университетке қарай жаяу тарттым. Ел жаңа қоныстанып жатқан жақтан такси табу да оңай емес екен. Жол бойында кетіп бара жатқанымда арман болған «екіліктің» қан орталығына қарай бұрылғанын көрдім. Университеттің алдындағы аялдамаға жеткенімше ол кейін қайрылып, мен соған отырдым. Әбден шаршап қалыппын. Кондукторды іздеп, айналама қарасам, менімен қатар автобус күткен ағай да отыр екен. «25 минут күттім. Келді-ау ақыры», деп күлді. «Күйіктің де күлкісі бар» деген, мен де күлдім жетісіп отырғандай.
Кондукторға мән-жайды айтып едім, ол бір байсалды әйел екен. Әлде өзіне қатысты шу шықпаған кезде байсалды ма, қайдам, «біз баруға тиісті аялдамаларға міндетті түрде барамыз» деп жатыр ақталғандай. Бұл жерде оның кінәсі болмағасын оған не дейін, сабақ болар деген үмітпен өзімше түсіндіргендей болдым, олардың арғы жақта тұрған жолаушылар үшін де жауапты екендерін айтқан болдым санасына жетсе.
Бірақ... Университеттің алдында жылап көріскен «екілігім» «сары базарға» барып, бірнеше минут сол жерде тұрып алды. Бағыт солай болғасын лаж жоқ, көндік. Үйге тура жетуім үшін «Олжаның» алдындағы аялдамаға баруым керек екен. Бірақ оған сонша жерден жаяу-жалпылап жеткен сорлы аяқ қайдан шыдасын?..
Өзге жұрттың басынан не өтіп жатқанын қайдан білейін, өзімнің «екілікте» ерсілі-қарсылы жүргенде көретін құқайларымның кейбірі ғана бұлар. Сондағы менің ойлап тапқаным—жоғарғы, жаңа шағын аудандарға «екілікпен» барсақ, қайтар кезде танысымыздан, не бала-шағамыздан біреуі біз мінетін автобусқа отырып, «мен қан орталығына барам» деп, автобусты алдап әкелуі керек екен. Көп болса, 50 теңгеңіз артық шығын болар, таксиден арзан ғой әйтеуір. Басқа қолдан келер шара жоқ, автобустардың қожайындары мен әкімдіктегілер бір амалын таппаса. Сосын. Өздеріне нан тауып беріп тұрған жолаушыларда өші қалғандай, солармен ұрсысуға сақадай сай кондукторлардың ұзын тілдерін 1 сәнтідей қысқартса...
Бәтима ТҰРҒАНБАЙ