Италяндық Paghera компаниясының өкілдері Массимо Альберти және Сахиб Худавердиев Маңғыстауға келді. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар аймақ басшысы Ералы Тоғжановпен Ақтау қаласында саябақ салу мәселесін талқылады. Әлемде теңіз суы арқылы өсімдіктерді суландыру технологиясымен саябақ салу бойынша компанияның 150 жылдық тәжірибесі бар.
Paghera компаниясының теңіз суымен суландыруға бейімделген 100 шақты өсімдік түрін анықтаған. Енді Ақтауда бұталар мен гүлдермен көмкерілген орман көлеміндей үлкен бақ салмақ.
– Paghera компаниясы өңделмеген теңіз суымен суландыру технологиясына ие. Ол үшін бақта американдық лабораторияларда зерттелген арнайы өсімдіктерді отырғызу қажет. Біз бұл технологияны әр түрлі елдерді көгалдандыру үшін пайдаланамыз. Мысалы, көгалдандыруымен біздің компания айналысқан Мысырда 30 бақ бар. Ақтау қаласын айтатын болсақ, 12 гектар жерді игеру үшін 6 млн. 750 мың евро қажет болады. Егер де жарықтандыру, дренаж жүйесімен өздеріңіздің мамандарыңыз айналысатын болса, онда жобаның бағасы төмендейді. Гольф-клуб құрылысын салуға да болады, өйткені Майамиде теңіз суымен суландырылатын гольф-клуб алаңын салған тәжірибеміз де бар, - дейді Paghera компаниясының бас директоры Массимо Альберти.
Кездесу соңында облыс әкімі жоба егжей-тегжейлі талқылауды қажет ететіндігін, маңғыстаулық мамандар оған жан-жақты талдау жасап, компания өкілдерімен толық таныстырылымнан соң шешім қабылданатынын жеткізді.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="30358,30359,30360,30361"]