Табиғат-Ана нәзік жандылар бойына сұңғыла ой, ерек сана-сезім, терең ақыл, ізгі жүрек, қамқор пейіл дарытқан. «Әйел қырық шырақты» деген халық даналығы кең дүниені кеудесіне сиғызып, әз әлемді әлдиімен бөлеген Әйел-Ана құдіретін танытады. Өмір өзегі, әлем мен ұжмақ кілті Ана деп жатамыз. Себебі, нәзік жандылар тағдыр сыйы мен сынын, баянсыз өмірдің күзі мен жазын бастан өткерсе де мойымайды. Мың құбылған дүниеге кеудесін тосып, үміт пен арман қол бұлғаған болашаққа қарай аяңдайды. Жеке өмірі мен қызметін қатар алып, сан алуан жетістікке жеткен, табанды еңбегімен толайым табысқа кенелген қыз-келіншектерді жиі кездестіремін. Солардың бірі әрі бірегей Күнзира Мүсілімқызы десек артық айтпағандығымыз.
Күнзира апа ерте жастан еңбекті өзіне серік еткен, ел дамуының бар кезеңін бастан өткеріп, оның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан жан. Ол 1947 жылы 15 шілдеде қазіргі Атырау, бұрынғы Гурьев облысының Мақат кәсіпшілігінде дүниеге келген. Орта білім ордасын тәмамдап, 1966 жылы Гурьевтегі кәсіптік техникалық училищені лаборант мамандығы бойынша бітіреді. Сол жылы Өзен кәсіпорнының химиялық зертханасына қызметке орналасады. Өндірісте екі жылдай еңбек еткен өрімдей жас жолдамамен Алматы қаласындағы политехникалық институтқа түседі. 1973 жылы мұнай факультетінің тау-кен инженері мамандығын алып шығады. Күнзира апа қойнауы - қазына, киелі өңірдің, «қара алтын» бұрқағы алғаш атқылап, атақ-абыройы жер-көкке жеткен топырақтың түлегі. Қаз-қатар тізіліп, ен дала қойнын емген мұнай качалкаларын, ұшы-қиырсыз атырабтың аптап ыстығы мен ызғар-суығына төтеп, тер төккен мұнайшылардың еңбегін көз ашқалы көріп өскен. Сондықтан болар оның мұнай кәсібін таңдауы таңданыс тудырмайды.
«Мектеп жасымызда мұнай кен орындарын аралап, концерт қойып, экскурсияға баратынбыз. Бала кезімде скважиналардың тілін білетін жандар қандай керемет, оған қандай білім керек деп ойлаушы ем. Сондықтан біздің ауылда барша бала мұнайшы болуды армандады»,-деп еске алады Күнзира апа.
Институт қабырғасында Күнзира апа мұнай өндіру және тасымалдау ісіне машықтанады. Жоғары оқу орнында білім ала жүріп, болашақ жарымен табысады. Күнзира апаның жұбайы марқұм Санақбай Тәжікұлы өңірге белгілі мұнайшы, сан түрлі салада басшы қызметтерді атқарған жан. Қиыр түбектен ізгі арман ізіне ілесе Алматыға аттанған қос жастың тағдыр жазуымен табысуы саф сезімге ұласып, шынайы махаббат бір жыл өтер-өтпес көтерген ақ отауы мен жұбайлық өмірінің өзегіне айналды. Нағыз бақыт пен өзара сыйластық, сүйіспеншілік пен қамқорлық сынды ізгі қасиетке әрі асыл сезімге толы сол күндерді Күнзира апа жиі еске алады.
«Санақбай ақкөңіл, жайдары, үйірсектігімен адамды еріксіз әңгімеге тартатын қасиеті бар екен. Әрі туған жылымыз бен айымыз бір құрдас болып шықтық. Осылай автобуста бастау алған танысуымыз – арты талай кездесулермен жалғасып, шын махаббатқа айналып, 1969 жылы отау құрдық. 31 жыл бақытты ғұмыр кештік. Басымнан сондай бақытты жылдардың өтіп жатырғанын байқамаппын сол кезде»,-дейді бір естелігінде Күнзира апа.
1973 жылы политехникалық институтты сәтті аяқтап, Күнзира апа Жетібай кенорнына қызметке орналасады. Әуелі мұнай және газ операторы ретінде, бертін келе диспетчер-инженер лауазымын атқарып, еңбек баспалдағының бар сатысынан өтеді. Тұңғышы Гүлмира 1975 жылы дүниеге келді. Нәрестелі жанға Жетібайға қатынау қиынға соғары анық. Сол жылдары өңірде «Саратовтрансгаз» өндірістік бірлестігі жұмыс істеді. Күнзира апа бірлестікке жұмысқа тұрып, үш жылдай газ тасымалдау бөлімі инженері ретінде қызмет етеді. 1979 жылы партия құрамына қабылданып, ізінен, 1983 жылы Мұнайлы аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырту алады. Бұл орайда партия комитетінің бірінші хатшысы Тергеу Айдархановтың рөлі айрықша еді. Тәжірибесі зор, білгір маман Күнзира апаның бойындағы ерек қабілетті жіті аңғарып, қоғамдық-саяси қызмет түрін ұсынады. Осылайша ұйымдастыру бөлімінде инструктор ретінде қызметке кіріседі.
«Ұйымдастыру бөлімінде ұжымда қызмет ету, адамдармен қарым-қатынас орнату, ресми іс-қағаздармен жұмыс істеу бойынша зор тәжірибеге кенелдім. Өндіріс ошағынан қоғамдық салаға қызметке ауысу жаңа дағдыларды игеруіме мүмкіндік берді»,-дейді Күнзира апа.
Еңбекқор, талабы зор, кез келген іске икемі мол жанның қызмет жолы бұдан әрі де қоғам мен биліктің сан саласында жалғасын тапты. 1987 жылы Күнзира апа Мұнайлы аудандық атқару комитетіне хатшы болып сайланады. Алайда 1988 жылы облыс таратылып, аудан өз қызметін тоқтауына орай еңбек өтілі Шевченко қалалық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде өрбиді.
«Сол жерде қызмет етіп жүргенімде атқару комитетінің төрағасы Меңдеш Халелұлы Салихов арнайы шақырып, қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне басшылық қызметті ұсынды. Әрине, жұмыстың ретін, барысын білмегендіктен алғашында бас тарттым. Сол жылдары облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасын Қалидолла Нұрғалиев басқарды. Сол кісінің ақыл-кеңесі, парасат-пайымы, жан-жақты қолдауы арқасында көп нәрсені көңілге тоқып, үйренген едім. 1990 жылдың қараша айынан бастап қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне басшы болып тағайындалдым»,-дейді Күнзира Айтбатырова.
Кеңес өкіметі ыдыраудың сәл-ақ алдында, ел тұрмысы жұтаң, күнкөрісі нашар тұста бұл басқарманы тізгіндеу оңайға соқпады. Ас-су, азық-түлік қат кезеңде орталықты жағалап, көмек сұрайтын жандар жиі кездесетін. Мұндай кезде Күнзира апа өз қалтасынан болса да қаражат шығарып, әркез көмек қолын созатын. Қамкөңіл жандарға адами тұрғыдан зор түсіністікпен қарап, қанатымен су себелеген қарлығаштай титімдей пайда тигізсе риза болатын еді.
«Кеңестің ыдырауы кезіне тап келген уақыт әлеуметтік сала үшін ең бір қиын кезең болды. Сол қиын кезеңде жұмысты жүйелеп, реттеу, қаржының шашауын шығармай, тиімді жұмсауға аса мән бердік. Зейнетақы тағайындау, түрлі санаттағы тұлғаларға жәрдемақы бөлу ісімен айналыстық. Ол кезде қазіргідей емес барлық бөлімшенің басы бір орталыққа біріктірілген еді. Сол себепті қыруар жұмыс істеп, қат-қабат қағаздың құрсауында қалған едік. Аппарат құрамы азғантай. Бар-жоғы сегіз-тоғыз адам. Таң атысынан кеш батысына дейін қалт етпестен қызмет етіп, тіпті үйге алып кетіп, жоспарды орындайтын едік. Табанды еңбегіміз де нәтижесін берді. Мәселен, жәрдемақылар мен зейнетақылар бір күн кідірместен, тиісті түрде жолданып жатты»,-дейді Күнзира апа өткен өмірге бір сәт көз жүгіртіп.
Күнзира Мүсілімқызы қызмет еткен жылдары қала бойынша жұмыссыздық деңгейі төмендеп, халықтың әлеуметтік осал топтары мен арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны азайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде түбегейлі өзгерістердің ортасында жүріп, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің жаңғыруына белсене атсалысты.
1995 жылы Күнзира апа жолдасының жұмыс бабына байланысты Алматыға қоныс аударады. Бұл жерде де қол қусырып отырмай, мұнай саласына қызметке кіріседі. Алдымен «Мұнайгаз» мемлекеттік холдингтік компаниясында смена бастығы, кейінірек бас маман лауазымын атқарады. Ал 1997-2000 жылдары «ҚР мұнай және газ өндірісінің диспетчерлік бас басқармасы» РМК-нде маман ретінде қызмет етеді. Араға бес жылдай уақыт салып туған өлкеге қайта оралады. Осылайша Күнзира апа «ҚР әділет министрлігінің тіркеу қызметі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықта», Маңғыстау облыстық мұрағат және құжаттама бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарды.
2003 жылдың ақпан айынан бастап қалалық әкім Серік Жәмекұлы Оспановтың тағайындауымен Күнзира Мүсілімқызы Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне басшы болып тағайындалды. Жұмыссыздық деңгейі белең алып тұрған кез. Ірі кәсіпорындар, өндіріс ошақтары және мемлекеттік органдармен бірлесе, білек сыбана істелген жұмыс нәтижесінде халықты жұмыспен қамту деңгейі өсті. Мүжәлсіз отбасылар, мұқтаж жандар Күнзира апаның білім-білігі, ісмерлігі мен жанашырлығы, бойдағы ізгі адамгершілік қасиеті арқасында арнайы көмек пен жан-жақты қолдауға қол жеткізді.
«Әлеуметтік қамсыздандыру орталығына әркез жетім-жесір, тұрмысы төмен, кедей, жоқтық көрген жандар ғана келеді. Өз қалтаңнан берерің болмаса да, маңдайынан сипап, жылы сөз айту, заң жүзінде қолдан келген жақсылықты жасауға тырысатынмын. Тіпті жол жүретін, қоғамдық көлікке ақшасы жоқ адамдарды көрдім. Сол кездері қолына ақша ұстатып, бір-екі күндік күнелтуіне жетерлік қаражат берген кездеріміз болды»,-дейді Күнзира апа.
Күнзира апа мүгедектерді оңалту бағдарламасын іске асыру мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік такси - арнайы автокөлігін алуды ұйымдастырды. Арнайы такси арбаға таңылған жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы, әлеуметтік нысандарға жеткізуге таптырмас көлік құралы. Сонымен қатар, ол жыл сайын қайырымдылық шараларын іске асыруға бар күш-жігерін жұмылдырып келеді. Күнзира апа 2011 жылдың шілде айынан бастап Ақтау қалалық үйлерінде әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры қызметіне ауысты. Орталық жалғызілікті қарттар мен мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балалардың тұрмысын жақсартуға жұмыстанады.
«Төрт қабырғаға телміріп күн кешкен жалғызілікті қарттардың тілін табу, мүгедек жандармен жұмыс істеу оңай емес. Түсінігі мол, өмір көрген, ақ-қараның ара жігін ажырата алатын жан ғана бұл істі мойнына алады. Бір әлеуметтік қызметкер бірнеше қарт пен мүгедек балалардың тұрмыс-тірлігін, жай-күйін қадағалайды. Жұмасына бір мәрте хал-ахуалын біліп, азық-түлігін, дәрі-дәрмегін тексеріп, бар-жоғын бақылайды. Бұрын орталық жанынан «Қолөнер», «Асхана», «Кішкентай әнші» үйірмелері жұмыс жасады. Бұл үйірмелердің қамкөңіл балаларды бір сәт болса да сейілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда, ұсақ-түйек тұрмыстық дүниелер мен дағдыларды үйретуде маңызы зор болатын. Өкінішке орай ғимарат құрылымы сай келмей, үйірмелер жабылып қалды. Алдағы уақытта осы істі қайта қолға алсам деген ой бар. Жалғызілікті жандар мен жарымжан балаларға қолдан келген көмекті аямаймыз. Мәселен, 2008 жылы жарық көрген жаңа заң аясында арбаға таңылған мүгедектерге қызмет көрсету мақсатында мамандандырылған такси алдық. 2012 жылдан бері зағип жандарға арналған «Инво Такси» арнайы көлігі жұмыс істейді. Орталық қай жағынан болсын демеу болып, қолдау көрсетуге әзір»,-дейді қамқор басшы.
Қазіргі таңда Күнзира Мүсілімқызы басқарып отырған орталықта 122 адам қызмет етеді. Бәрі дерлік бірлігі бекем отбасыдай тату әрі көңілді. Ал Күнзира апа өз ортасына сыйлы, абырой-беделі, мерей-мәртебесі үстем жан. Қызметкерлер зор сый-құрмет танытып, ерекше қадірлейді. Күні бүгінге дейін Күнзира апа еселі еңбегі, нәтижелі қызметі үшін сан түрлі марапат-мадаққа ие болды. Олардың қатарында Б.Палымбетовтың «Алғыс хаты» (2006 ж.), С.Бекбергенов пен Қ.Көшербаевтың «Алғыс хаты» әрі «Құрмет грамотасы» , «Маңғыстау облысының 35 жылдығы» медалі, ҚР Президентінің «Құрмет грамотасы» және «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» төсбелгісі, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісі және т.б бар. Күнзира апа марқұм Санақбай ағамен бір ұл, бір қызды бағып-қағып, өсірді. Ұл-қызы жоғары білімді, өз саласының білгірі. Қазіргі таңда ұлы Серікғали жеке кәсіпкер, ал қызы Гүлмира ірі компанияда экономист маман. Ағайын-тумаға сыйлы, тату, жомарт әрі нәзік жанды Күнзира апа ұл-қызының табысына қуанып, немеренің былдыр тілі мен бал қылығына мерейленген, қызығына бөленген бүгінгі тұрмысын өмірдің сыйы деп біледі. Жетпіс жастың жотасына көтеріліп, өмірдің сан белесін артқа тастаған мерейтой иесіне екі дүниенің де бақыты нәсіп етіп, көңіліне кірбің түспесін деген тілек білдіреміз.
Голрох Жеменей