Жолсерік Алтынай Рамбаеваның бұған дейін 3 қызы болатын. Жақында тағы біреуін "дүниеге әкелді". Төртіншісі теміржолда "туды". Нақтырағы, ол «Маңғышлақ-Астрахань» жолаушылар пойызында төртінші рет ана атанды. Қыздың аты - Фатима. Алтынай оған екінші рет өмір сыйлады.
Шілденің шіліңгір ыстығында «Астрахань-Маңғышлақ» бағытындағы пойызға Мақат станциясынан отырған жолаушының 9 айлық сәбиі кенеттен ес-түссіз қалады. "Бала өлді" деген жанайқайды естіген жолсерік те ана емес пе, ішкі түйсігі нәрестенің көрер жарығы сөнбегенін сездіріп, ажалдан арашалауға кіріседі.
- Суық хабар келісімен жетіп бардым. Сәбидің өңі бозарып кетіпті. Жүрегі соқпайды. Клиникалық өлім жағдайында. Анасы мен қасындағы жақындары айрылып қалдық деп қоштасуды бастаған. Одан бір күн бұрын кері бағыттағы жолсапарда күннің ыстығын көтере алмай 9 айлық бала шетінеп, бір кісі қайтыс болған-ды. Сол күні де күннің температурасы жоғары көрсеткіште, шамамен 50 0С-ке жететін. Бірден есіме сол түсті. Бұрыннан бала қарайтын қасиетім болғандықтан ба, қимыл-қозғалыссыз, дем алмай жатса да өлді дегенге сенбедім. Қайтсем де оны аман алып қалуға тырыстым. Өз орныма алып барып, денесін сулап, білген жаттығуларды жасадым. Қайта-қайта атын дауыстай отырып, жарты сағаттай алысқаннан кейін қырылдаған сес берді. Беті бері қарағанын көргенде, қуанғаннан жылап жіберіппін. Осы сәтте өзімді қалай сезінгенімді айтып жеткізе алмаспын. Үшінші рет босанғандай болдым..,-дейді құтқарушы жолсерік. Солай болса да А.Рамбаеваның ешқандай медициналық білімі жоқ. Керісінше қыздың анасы Арайлым Жалиеваның мамандығы медбике.
- Өзім медицина қызметкері болғандықтан денедегі тіршілік белгісі біткені маған жақсы таныс. Өз балапанымды сондай халде көргенде не істерімді білмей, абдырап қалдым. Фатиманың алдында 3 перзентімде де мұншалықты қызу көтерілмеген. Алыс жолға бірінші рет алып шыққаным сол еді. Қазір үйде. Жағдайы бірқалыпты. Учаскелік дәрігеріне көрсеттік, енді түгел медициналық бақылаудан өткіземіз. Алтынай ханымға алғысымыз шексіз, үзілген үмітімізді қайта жақты. Бауыр етім баламды аман-есен құшағыма қайтарды,-дейді А.Жалиева.
Жол болғандықтан бір вагонда қаншама тағдырлар тоғысады. Қиын да, қызықты жағдаяттар кездеседі. Біреу мұңайып, қайғыдан қан жұтып келе жатса, басқасы той тойлап, саяхаттап шығады. Оның бәрімен бірдей тіл табысып, "қонағын" ойдағыдай күтіп, шығарып салу жолсеріктен біраз тәжірибе пен қажыр-қайратты талап етеді. Егер темірге тіл бітер болса, А.Геннадийқызының теміржолдағы үйіне айналған №15,18 вагондар сол сырларды ақтарып салар еді. Сондай оқиғаның бірі - атыраулық аяғы ауыр келіншекті босандырып, кіндік шеше атанғаны. Осылайша, кейіпкеріміздің өз құрсағын жарып шыққан Гүлзира мен Сәбина сұлу сіңлілі болған еді.
Алтынай апаның бұл салада жүргеніне 17 жылға жуықтапты. Өзі теміржолшылар әулетінен. 11 тумалас. Соның 7-і теміржолшы. Әкесі Геннадий Рамбаев 75 жасына дейін одақтас елдердің теміржолында қызмет етіп, "Құрметті теміржолшы" атанған. Қалпына келтіру пойызын басқарған. Анасы Дәмилә Рамбаева жолсерік болыпты. 100 жасқа шығып, жақында ғана өмірден озған әжесі Жауыз Балқанова станция кезекшісі жұмысын зейнетке дейін абыроймен атқарған. Әженің тәрбиесін көрген 4 немересі де жолсерік мамандығын таңдаған.
Шахида Жұман
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="30120,30118,30117"]