Еліміздің Азаматтық процестік кодексі бүгінгі таңда өз пәрменін мойындатып үлгерді. Себебі, сот жүйесінің жұмысына тың серпін берген кодекс қарапайым азаматтар құқығының сақталуы мен қорғалу тетіктеріне айтарлықтай өзгерістер алып келді. Түрлі дау дамайларды шешудің жаңа тетіктері іске қосылды. Нәтижесінде келіспеушіліктерге сотты араластырмай тарраптардың өздері аяқтауына зор мүмкіндік туды. Медиация сөзінің мәні артты. Дауларды бейбіт жолмен шешу, тараптардыы татуластыру, партисипативті бітім, қысқартылған сот өндірісі секілді ұғымдардың маңызы айқындалды.
Азаматтық процестік кодекстің бұқара халыққа тиімді жаңалықтары ретінде істі сот талқылауына әзірлеу сатысы қағидаларының қайта қаралып, толықтырылғанын, азаматтар мүдделеріне сай келетіндей тәртіппен оңтайландырылғанын атауға болады. Осы сатыда тараптар жазбаша құжаттармен алмасады, дәлелдемелер жинақтау, қажет болса сараптама тағайындау, тиісті дәлеледемелерді алдыру, қарсы талап қою сияқты маңызды мәселелер шешіледі. Сот тараптарға олардың құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде істерді қарау мерзімін қасақана кешіктіруге жол бермей, басқа тараптардың құқықтарын теріс пайдаланбай, өздеріне тиісті барлық процессуалдық құқықтарды адал қолдану міндеттерін түсіндіреді. Істі сот талқылауына әзірлеу мерзімін 15 күнге, кейбір күрделі дауларда бір айға дейін ұзарту мүмкіндігі берілді. Азаматтық істерді сотта қарау және шешудің процессуалдық мерзімдерін сақтау сот төрелігі тиімділігінің басты көрсеткіштерінің бірі деуге толық негіз бар. Заңда азаматтық дауларды жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қарау, бұйрық шығару, жазбаша іс жүргізу арқылы кейбір санаттағы істерді шешу жолдары нақты көрсетілген. Азаматтық процестік кодекске енген тағы бір жаңашылық, талап арызды қозғалыссыз қалдыру институты жойылып, азаматтық процеске прокурорлардың қатысуы азайды.
Азаматтық процестік кодекстің жаңадан қабылдануы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын тәжірибе жүзінде іске асыруға айтарлықтай өз үлесін қосты. Яғни, азаматтық от ісін жүргізудің басты жаңашылдығы ретінде бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшуін айтуға болады. Кодекс азаматтық даулардағы артық формальдық ауре-сарсаң мен қағазбастылықты азайтуға негізделген. Екіншіден, жаңа заң тетіктері сотқа жүгінген дауласушы тараптар үшін де, сотқа тиімді жағдай жасап отыр. Бүгінде аталған кодекстің заң үстемдігін оңтайландырудағы орны зор. Бұған сүйенсек, қолданыстағы АПК тәжірибеде ойдағыдай іске асып, күткен үмітті ақтады дей аламыз.
Жалпы, өзгерістер заман талабынан туады. Өйткені, еліміз қарқынды дамып, қоғамдық қатынастардың, әлеуметтік-экономикалық процестердің ауқымы кеңеюде. Мұның бәрі өз кезегінде соттар мен судьяларға ең жоғарғы талаптарға сай болу тәртібін одан әрі қатайып, сот төрелігіне халықтың қолжетімділігін арттыруға негіз қалайды. Айта кетерлігі, қоғамымызда заңның пәрменін арттыру соттардың ғана емес, өзге де құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың да жұмыла көтерер жүгі болса нұр үстіне нұр болар еді.
Ақтау қалалық №2 сотының судьясы М.М.Джумаева