©
Ақтауда «NFС» кәсіпқой спорт клубы ұйымдастыруымен кәсіби ережесіз жекпе жек түрі - грэпплинг күресінен «NFC Grappling Kazakhstan» республикалық Гран-при турнирі өтті.
Нұрбек Қарабалаев – Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:
Жарысқа 32 спортшы қатысады. Еліміздегі ең мықты деген кәсіпқой спорт клубтарының өкілдері бақ сынасады. Мәселен, «Fight baza», «Kazakhstan top team», «Еркін», «Айдар» сынды клубтар бар. Маңғыстау облысы бойынша қалалар мен аудандардан 14 шақты спортшы қатысады. Бұдан бұрын әуесқой жекпе жектен түрлі деңгейдегі бәсекелер ұйымдастырылды. Ал грэпплинг күресінен кәсіби турнир алғаш рет өткізгелі отыр. Гран -при иегері арнайы белбеу мен 150 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болады. 2-орын жүлдегері жүз мың, ал 3-орын иегеріне елу мың теңге қаражат табысталады.
Сағындық Мекеев – Азия панкратион федерациясының президенті:
«Тұңғыш рет Қазақстанда грэпплингтен Гран-при белбеуі сарапқа салынады. Мықты клубтар бас қосты. Ең алдымен әрине облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «NFС» кәсіпқой спорт клубына рахмет айтқым келеді. Жарыс аса тартысты әрі жоғары деңгейде өтеді. Грэпплинг еркін күреске жақын, динамикасы басым спорт. Ширақ қимыл-қозғалыс, амал-айла қажет. Талас-тартыс көрермен делебесін қоздырары сөзссіз.
Аралас жекпе-жекті дамыту бойынша жалпы елімізде айтарлықтай іс-шаралар жүзеге асуда. Былтыр «NFС» кәсіпқой спорт клубы ұйымдастыруымен 5 түрлі сайыс өткізілді. Оның ішінде чемпиондық белбеу ойнатылғаны бар. Ережесіз жекпе жектен жастар түрлі жетістікке жетуде. Халықаралық деңгейде бақ сынасып жүргендер бар. Мәселен, Ақтаудан Мұрат Әбдірахманов ММА бойынша Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Соңғы жылдары Арман Оспанов, Қуат Хамитов, Жалғас Жұмағұлов сынды үздіктер топ жаруда. Бұл орайда білікті бапкерлер мен ел азаматтарына айтар алғысымыз зор.
Спорт саласында кезігетін басты мәселе қаражат мәселесі. Спорт кешендері, арнайы залдар, алаңдар мен құрал-жабдықтар қажет. Билік өкілдері, қалталы азаматтар тарапынан бұқаралық спорт саласына оң көзқарас қалыптасуы тиіс. Әрине, аралас жекпе жекті дамыту, қолдау бағытында батыс Қазақстанда біршама істер жасалынып жатыр. Дегенмен, Солтүстік әрі Оңтүстік Қазақстан өңірінде бұл тұстың кем-кетіктері көп.
Бекболат Байжанов – Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Мұндай жарыс біздің өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жалпы спорт түрлері олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт ретінде үшке бөлінеді. Мемлекет ұстанған саясат аясында олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға аса мән беріледі. Дегенмен, заман талабына сай бұрын кенже қалған спорт түрлері жастар арасында танымалдылыққа ие болуда. Сол себепті, біз қоғамның, әсіресе жастардың сұранысына қарай бұқаралық спорт түрлерін қолдау мен қаржыландыру бағытында жұмыс істейміз. Бүгінде аралас жекпе жек бойынша қоғамдық бірлестіктер мен түрлі клубтардың басын біріктіру, қауымдастық құру мәселесі бой көтеруде. Алдағы уақытта осы жоба жүзеге асады.
Дүбірлі додада «Kazakhstan top team» кәсіпқой спорт клубының спортшылары жүлдегер атанды. Бас жүлде джиу-джитсу спорты бойынша әлемнің екі дүркін чемпионы Айдар Түлейбаевқа бұйырса, 2-орынды бразилиялық джиу-джитсу бойынша Еуропа чемпионы Омар Манаров иемденді. 3-орынды белгілі спортшы Руслан Исраилов иеленді.
Голрох Жеменей