Күллі әлем көзін тіккен көрмені көруге аудан тұрғындары да ерекше ынталы. Халықаралық көрме ашылғалы бері Астанаға жол тартқан аудан тұрғындарының саны күн санап артуда. Жуырда аудан әкімінің мұрындық болуымен ауданның алпысқа жуық еңбек ардагері «Экспо-2017» көрмесін тамашалауға аттанды. «Каспийцемент» ЖШС демеушілігімен ұйымдастырылған бұл тамаша сапарға қатысуға ардагер ұстаздар, ауылшаруашылығы, құрылыс, теміржол салаларының ардагерлері мен саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған аға буын өкілдері де ынталы болды.
Еңселі Елордамыздың туған күні қарсаңында Сарыарқаның самалымен көрме тамашалайтындарына шын риза болған ардагерлерге аудан әкімі Ж.Айтуаров сәт-сапар тілеп, олардың ел үшін еткен еңбегінің қайтарымы мұнымен шектеліп қана қоймайтынын айтты.
«Ардагерлердің бұл сапарының барлық шығынын демеуші көтерген, Астананың әсем жерлерін аралаған соң, көрмені тамашалау, қонаққүйге орналасу сынды жұмыстардың барлығы алдын ала тиянақталғандықтан аға буын өкілдері уақытты қызықты өткізіп, бас қаламыздан рухани демалып қайтатынына сенімдіміз»,-дейді аудан әкімі аппаратының қызметкері Лазым Жонасов.
Лаура ҚОБЫЛАНДЫ