Жиған білім, біліктілігіне қоса байыпты қалпымен айналасындағы адамдардың сый-құрметіне бөленіп жүрген, Жаңаөзен қаласында кудо, панкратион өнерін ізбасар інілеріне үйретіп, тер төгіп еңбектеніп келе жатқан, бүгінде оқушылардың шығармашылық үйінің жанынан 2014 жылы ашылған кудо үйірмесінің жаттықтырушылары Арман Сұлтанбаев пен Оңғар Бекмағанбетов есімдері жылы лебізге әбден лайықты.
Бала тәрбиесінде адамгершілік, азаматтық пен отаншылдықтың жоғарғы сезімін қалыптастыруда спортқа баулудың маңызы ерекше. Балалар - біздің келешегіміз. Олардың қандай азамат болып шығатыны біздің бүгінгі берген тәрбиемізге тікелей байланысты. Бүгінгі таңда Елбасының Жолдауына орай спорт пен денешынықтыру бала тәрбиесінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Халқымызда «талапты ерге нұр жауар» деген сөз бар. Бұл бапкерлердің алған білім, еңбекқорлығы, кудоға деген қызығушылығы олардың шәкірттерінің алға адымдауына жол ашты. Жұмыс қай кезде де ынтымақты ұжымда өрісті болады деген ойымызды айттық. Әрине, көп нәрсенің тетігі ұйымдастыра білуге бай- ланысты. Осының бәрі оң жолға қойылуы Арман мен Оңғардың шәкірттерінің беделді бәсекелерде жеңіске жетуіне себепші болды. Жаңаөзен шаһарында кудо үйірмесін ашып, күрес кілемін бергізген оқушылар шығармашылық үйінің және қалалық спорт бөлімінің басшылары, осы бастамаға қолдау көрсеткен іскер де, ізденімпаз, көргені мен көңілге тоқығаны көп азаматтардың келешегіміз деп арқа сүйейтін кейінгі жастардың тәртіп- тәрбиесіне жанашырлық танытуы - үлкен қамқорлықтың белгісі. Қазіргі таңда жаңаөзендік кудошылар көптеген жетістіктерге жетуде.
Ендігі кезекте жетістіктер мен жақсылықтарға жаны құштар, ертеңіне үлкен сеніммен қарауға дағдыланған, бапкерлердің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ересектер арасында елішілік жарыстардан жүлдесіз оралмайтын Ералы Абдыров, Артық Сарабек, Нұрсұлтан Бексұлтановтың жетістіктерін саралап оқырман назарына ұсынайық. Ералы Абдыров 2017 жылы 1-2 мамыр күндері Атырау қаласында өткен ММА Ережесіз жекпе-жек чемпионатында Қазақстан чемпионы атанды. Ералы панкратион спорт түрінен Қазақстан чемпионы және Азия чемпионы атақтарын иеленді. Спортшы 2016 жылы греппилинг күресінен Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Ералы 2015- 2016 жылдары кудодан Қазақстан чемпионы деген кубокты иеленді. Сонымен қатар, биыл 6-7 мамыр күндері аралығында Е.Абдыров Алматы қаласында өткен кудодан Қазақстан чемпионы деген атаққа ие болды. Ералының алға қойған мақсаты көп. Артық Сарабек 2015, 2016, 2017 жылдары панкратион, грепплингтен Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді. 2015-2016 жылдары Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Алматы қаласында өткен кудодан Артық Сарабек Қазақстан, Азия чемпионы болды. А.Сарабек Ресейде Казак Атаманы кубогының иегері де атанды. Ал, Нұрсұлтан Бексұлтанов кудодан 2015-2017 жылдары үш жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атағын ешкімге бермеді. Панкратион-грепплинг спортынан Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы. Нұрсұлтан көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Ол 2017 жылы мамыр айында Алматы қаласында Кудо спортынан өткен Қазақстан чемпионатында Жаңаөзеннің абыройын асқақтатып, 1-орын алған болатын. Сондай-ақ, Бейбарыс Қаржаубай, Асылбек Қапан, Жандос Кенжебай, Аманжан Тәжіғалиев, Нұрболат Қазмұқанов, Иманғали Аманғали, Арухат Иброва, Диас Төлеміс, Қыдырқожа Сәрсенбай, Қайсар Жоламан, Нұрсәт Көмекбай, Мереке Бисембаев, Жалғас Сисембаев, Болат Жарылғасов секілді балалалар әртүрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Қазіргі таңда қалада кудо үйірмесіне 100-ге жуық бала қатысады. Оның ішінде тоғызы қыз балалар.
Бұл спорт түрлеріне қала жастарын баулып бағыт-бағдар берген жаттықтырушылар Арман мен Оңғарға қолдау көрсеткені - «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры Кәрім Нағманов, кәсіподақ төрағасы Сартай Қаракүшіков және «Өзенмұнайгаз» АҚ кәсіподақ төрағасы Наурыз Сақтағанов сынды азаматтардың спорттағы намыс туының жығылмауы жолындағы қолдауы десек артық болмас. Міне, осындай командалық және жекелей жетістіктерге қол жеткізіп келген кудошыларымыз Жаңаөзен кудо үйірмесінің абыройын асқақтатуда.
Шәкірттерінің бойына батылдықты, қайсарлықты мақсат- мүддесіне жетудің басты құралы ретінде сіңіре білетін Арман мен Оңғардың шәкірттерінің алар асуы әлі алда деп сенеміз. Арман Сұлтанбаев үйірме қатысушыларына өзінің балалары секілді қарап, әрдайым қамқорлық танытып жүреді. Олай деуге, қашан көрсең де Арманның балаларым деп жүгіріп, әртүрлі қалаларда өтетін жарыстарға апарып, қамқорлық танытып жүретіні дәлел. Осы тұрғыда Арманның ұйымдастыру қабілеті де жоғары. Арман Құлмұратұлы Жаңаөзеннің тумасы. Қаладағы №6 орта мектепті бітірген соң, Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін «Технологиялық машиналар және жабдықтар» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Сонымен қатар, А. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдады. Арман бала кезінен бері спортқа құмар болып өсті. Мектепте оқып жүрген кезінде әртүрлі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Арманның спорт үйірмесін ашсам деген арманы орындалып, 2013 жылдан бастап кудо бойын- ша балаларды спортқа баулып жүр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Арман мен Оңғардың шәкірттері республикалық, халықаралық жа- рыстарда жүлделі орындарға ие.
Жақында Ақтау қаласында «Найза Файтер» ережесіз жекпе- жек клубының ұйымдастыруымен «Бразилиялық джиу-джитсудан» Адам Фокс өткізген тегін оқу-жаттығуында Жаңаөзен кудо клубының 200-ге жуық жас спортшылары қатысып, Нұрбек Қарабаллаев, Мұрат Абдурахманов, Руслан Қазиев, Азамат Абилов, Ералы Абдыров, Жеңіс Қайранов өздерінің еңбегімен Адам Фокстың қолымен табысталған көк белбеуге ие болды. Кудо спортшыларының ұраны - «Бірлігіміз барда - жүрегіміз тек алда!»
Әрине, кудо спортына жекелеген азаматтардың демеушілік жасап жатқаны көңілімізді өсіреді. Десек те, жергілікті әкімшілік тарапынан үнемі қолдау көрсетіп, оны дамытуға жүйелі жұмыстар жүргізілсе дейміз. Мұның бәрі болашақта болатынына сенеміз. Бір өтінішіміз, осы кудо үйірмесіне болашақта спорт секциясы деген ұғым берілсе, тәп-тәуір болар еді. Бірде ұлы ғұлама айтқан екен: «Үлкен жетістіктердің өзі ұсақ түйектен басталады» деп, ендеше кудо үйірмесінің мақтаныштары спортшыларымызға және бапкер ұстаз А.Сұлтанбаев пен О.Бекмағамбетовке болашақтарына мол жеңіс, үлкен табыс, қанаттары талмай, еңбектері жана берсін дегіміз келеді. Тәуелсіз еліне әрдайым тілеулес, халқының абыройы аспандауын қалайтын бұл інілеріміздің шаңырақтарына амандық, шәкірттері биіктерден көріне берсін деген тілегімізді арнаймыз.
Дарина АҚБЕРЕН