«ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі ашылған сәттен бері Астана - одан сайын көріктеніп кеткендей. Көрмені көруге жан-жақтан барушылар аз емес. Елорда көшелерінен шетелдік меймандарды көп кездестіресің. Олардың бәрі де - «ЭКСПО»-ны тамашалауға келген туристер. Осындай қалың бұқараның арасынан өзіміздің мұнайшыларды да көптеп кездестіруге болады. Шілде айының бірі күні «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның екінші тобынан 150-ге жуық мұнайшысы Астанаға ұшып келді. Бір сәтке ауыр өндірістен қол үзіп, әлемдік көрменің ортасынан табылған мұнайшылардың алған әсерлерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар мамандандырылған көрмеде көп қызықты жайттарға куә болды. 8 қабаттан тұратын «Нұр әлем» ұлттық павильонының өзі мұнайшыларды, көпшілікті ғаламатымен тамсандырды. Себебі, қаншама павильон соншама өркениеттің даму даңғылын паш етіп тұр. Мұнай саласында еңбек етіп, ел экономикасының дамуына, бюджеттің молаюына елеулі үлес қосып жүрген мұнайшылар өздеріне осындай ерекше мүмкіндікті сыйлаған «Өзенмұнайгаз» АҚ- ның басшыларына айрықша алғыс білдіреді. Көрмені аралауға бір күн аздық етті. Ресей, Қытай, Германия, Африка елдерінің әншілері ерекше көзге түсті. Бірнеше елдің салт-дәстүрін, табиғат, жер ерекшеліктерін түсіндірді. Қызықты болды, тамашалайтын дүние көп. Алған әсерім жақсы.Осындай игі істер жалғасын таба берсін. Мұнайшылардың барлығы үшін де бұл сапар ұмытылмас, тарихи сәт боларына күмән жоқ.
Дәурен ИЗИМОВ, Жер асты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу цехы басшысының орынбасары