Бір жыл бойы тынымсыз оқып, ізденіп, ҰБТ тапсырып болған түлектердің алдында тұрған басты міндеті - орта және жоғары білім алу. Барлық түлектің көкейіндегі басты арманы - мемлекеттік грантты иелену. Алайда гранттың иегері атанып, тегін білім алу үшін жоғары балл болуы керек. Осы орайда Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Серпін - 2050» бағдарламасы - білім аламын деген жастарға таптырмайтын мүмкіндік.
Рахат ауылындағы №18 орта мектепке «Серпін» әлеуметтік жобалар басқармасының басшысы Гүлзия Тобатаева Астана қаласынан арнайы келіп, ата-аналар және оқушылармен кездесіп, аталған бағдарлама туралы кеңінен түсіндірді. Жиынды қалалық білім бөлімінің басшысы Тәттімбет Жұмалиев жүргізіп отырды. Гүлзия Қадырқызының айтуынша, өткен жылы 22 оқу орны болса, биыл оқу орындарының саны 25-ке жетіп отыр. Биыл республика бойынша 38 мың грант болса, соның 5 мыңы - «Серпін» жобасына бөлініп отыр. Соның ішінде 720 грант - колледжге бөлінеді екен. Педагогикалық мамандықтарға сұраныс көп. Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы оқу орындарында «Серпіннің» арнайы гранты бөлінген. Бұл орындар Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастарына қарастырылған. Жоғары оқу орнына түсе алмаған жағдайда, колледжге тапсыруға болады. Тегін жатақхана, үш мезгіл тамақ, киім алу үшін бір реттік ақша беріледі.
Гүлсім ОСПАН