Астана күніне орай 34 шағынаудандағы облыстық қан орталығының аумағынан жедел жәрдемнің жаңа бөлімшесі ашылды. Жаңа бөлімшенің дәрігерлік бригадасы 30, 31, 32, 33, 34, 35 және «Шығыс» тұрғын үй кешендерінің тұрғындарына шұғыл және жедел медициналық көмек көрсететін болады.
Бөлімшенің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева мен дәрігерлер қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
- Бүгін-облыстық денсаулық сақтау саласында үлкен тарихи жағдай. Халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін және қолжетімді жедел жәрдем қызметін жақсарту мақсатында Ақтау қаласынан тағы бір жедел жәрдемнің бөлімшесі пайдалануға беріліп отыр. Жаңа бөлімше 2016-2019 жылдарға арналған ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылды... Сіздердің науқастарға дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету жылдамдықтарыңыз адам өмірін сақтап қалуға көп септігін тигізеді. Сондықтан да еңбектеріңізге табыс тілеймін, бөлімшенің жұмысы әрқашан абыройлы болсын,-деген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева осыдан 25 жыл бұрын аймақтағы денсаулық сақтау саласында 59 медициналық мекеме болса, бүгінгі таңда олардың қатары 145-ке жеткенін атап өтті.
Ақтау қалалық жердем жәрдем стансасының директоры Болат Тайшыбаевтың айтуынша күніне қала бойынша 260 жедел шақырылым болады. Жалпы шаһарда 17 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді.
- Өткен жылы 12 шағынауданда бөлімшеміз ашылған болатын, ол жерде 8 бригада жұмыс істейді. Бүгін қан орталығының аумағынан жаңа бөлімшеміз салтанатты түрде пайдалануға берілді. Енді жаңа шағынауданның науқастарына жедел жәрдем көлігі межеленген 15 минутта жетіп, дер кезінде медициналық көмекті көрсететін болады,-дейді Ақтау қалалық жердем жәрдем стансасының директоры Болат Тайшыбаев.
Венера МИРЛАН