ОСӨСҚПО мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігі ҚР ІІМ Ұлттық ұланның №5548 әскери бөлімшесінде «Халық арасында әлеуметтік мәні бар аурулардың (туберкулез, онкология және қан айналымы жүйесінің аурулары) алдын алу» тақырыбында жауынгерлермен кездесу ұйымдастырды.
Кездесуге «Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігінің өкілдерінен тыс, №1 Жаңаөзен қалалық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Тұмар Жарылғасова, ОСӨСҚПО Жаңаөзен қалалық филиалының медициналық қызметкері Мұқадес Жаманқұлова және №5548 ә/б командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушысы, лейтенант Әділет Нарынов қатысты. Тәжірибелі дәрігер Т.Жарылғасова қатысушыларға қан қысымы аурулары жөнінде айтып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
ОСӨСҚПО Жаңаөзен қалалық филиалының маманы М.Жаманқұлова туберкулезден сақтану жолдары туралы баяндама жасап, жауынгерлерге жөтелу әдебі мәселесі бойынша ақпаратты жеткізді.
Жаңаөзен қалалық ЖДО менеджері жастарға темекіге қарсы демонстрациялық чемодан, «Drunk and Dangerous» интерактивті көзілдіргі және «Спирттің ақуызға әсері» биохимиялық тәжірибесі арқылы онкология аурулардың пайда болуына маскүнемдік пен темекі шегушіліктің әсеріне тоқталды. Жиналыс соңында «Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысушылар арасында әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу жөнінде ақпараттық парақшаларды таратып, оларға тақырып бойынша әлеуметтік бейнероликтерді көрсетті. «Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігінің өкілдерінің айтуы бойынша, облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында осындай кездесулер келешекте өз жалғасын табады. Осы әлеуметтік маңызы бар шарамен 50- ден аса жауынгер қамтылды.
Ерлан ҚАЛИЕВ қалалық ЖДО менеджері