1963 жылы құрылып, 1999 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы ретінде қайта жасақталған компания өз қызметкерлерінің балаларына жазғы демалыста «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалау мүмкіндігін ұйымдастырды. Компания атынан Маңғыстаудан аттанған 56 бала ішінде түпқарағандық М.Горький мектеп-лицейінің оқушысы, 13 жасар Нұргелдина Ақмаржан Берікқызы да бар. Ол әкесінің жұмысы арқылы жолданған Астанадағы бұл сапарынан ерекше қанаттанып келгенге ұқсайды.
-Мен өзім Астанаға бірнеше рет барып, қыдырып та, түрлі би байқауларына барып та жүрмін. Би үйірмесіне қатысатын болғандықтан, талай рет би байқаулары мен жарыстары үшін Астанаға келіп араладық. Астанаға бұл жолғы сапарым ерекше болды деуге болады. Себебі, біз бұл жолы тарихи әлемдік деңгейде ұйымдастырылған «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашаладық. Менің әр сапарымда түрленіп тұратын Астана бұл жолы да ерекше сұлуланып, ажарлана түсіпті. Ол әрине әлемдік көрменің өтуімен байланысты деп білемін. Мектепте осы тақырыпта түрлі байқаулар ұйымдастырылып, суреттен шығарма мен эсседен жарыстар өткізілген болатын. Сол жарыстар тақырыбына арқау болған көрмені көзбен көріп қызықтау мен үшін үлкен қуанышты сәт сыйлады. Маған қатты ұнағаны біздің елдің павильонындағы ойын түріндегі сенсорлық тақталар. Велик, шар мен спиннер тәрізді айналмалы құрылғы ішінде өнер көрсеткендердің қойылымдары қызықтырды. Сонымен қатар, Корей елінің көрмесі еркше әсер етті.
Халықаралық көрменің басты символдық шар тәрізді бас ғимаратын, бірнеше елдің павильондары орналасқан аймақтарын араладық. Су, от, күн энергиясын көрсететін техникалық, ғылыми жетістіктерді тамашаладық. Бізге жазғы демалысымыз кезінде көрмені тамашалап, ерекше әсер алып, қыдыруымызға мүмкіндік туғызған әкемнің мекемесіне алғысым шексіз! Астана – бас қала, Астана –жас қала, мәңгі жайна, жарқыра. Әлем назары ауып отырған шараны көруге, халықаралық көрмені тамашалауға барша жерлестерімді шақырамын. Ол жерден күшті позитив және ерекше күш-қуат алуға болады. Бұл көрме менің көп жаңалықтарға қызығуыма әсер етті, – дейді ол.