Әрбір бүлдіршінннің бала күнгі армандары сансыз көп болады. Мен де сондай балалардың бірімін. Бала күнімнен Астана қаласына бару - арманым болатын. Биік-биік аспанмен таласқан ғимараттарды, әдемі саябақтарды бір көрсем деп ойлайтынмын. Бүгінде сол арманым орындалды десек те болады. Ғажайып қалаға баруыма ЭКСПО көрмесі себепші болды. Анам достарыммен Елордаға баратынымды айтқанда, қуанышымда шек болмады.
Астанаға саяхатымыз қызықты да көңілді өтті. Бәрінен бұрын ұнағаны ЭКСПО қалашығы болды. Бұл көрмеде мен тың жаңалықтармен, жаңа идеялармен таныстым. Әсіресе, жел энергиясы керемет екен. «Нұр әлем» атты сфера-шарындағы қызықтар мен үшін бір таңғажайып әлем болды. Шынымды айтсам, Арман қала - Астана мен үшін жаңа беттердің парақтарын айқара ашқандай. Үйге керемет көңіл-күймен оралдым. Астанадағы көңілді күндерім ұмытылмас естелік болып қала бермек. Осындай сұлу да жас Елордамызды бүгінгі туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Болашақта Астана қаласына оқуға түсіп, отбасымның үмітін ақтайтын білікті маман атанып, жас қаланың тұрғыны болғым келеді. Алдыма осындай биік мақсат қойып, оның орындалуына бар күшімді саламын.
Жеңіс ИМАНҒАЛИЕВ, №17 орта мектептің оқушысы