- Қазақылықтың қаймағын бұзбай, ата дәстүрді сақтаған Маңғыстау өңірінде ұлттық киім сәнге айналған, деп хабарлады www.24.kz.
Ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер күнделікті өмірде де, той-жиындарда, Наурыз мерекесінде қазақы оюлармен зерделенген киімдерді киіп жүреді. Қамзол мен бешпеттің күнделікті тұрмысқа енуіне жергілікті қолөнер шеберлерінің де қосқан үлесі көп. Мәселен, Ақтаудағы «Өрнек» сән үйінде 30 жылдан бері ұлттық киімнің түр-түрі тігіледі. Ұлттық киім - ұлтымыздың айнасы. Ақтаулық Гүлстан Бейсенова үшін қамзол, бешпет көненің көзі ғана емес, нағыз сәннің өзі. Тойларда да, күнделікті өмірде де ұлттық киімді тастамай киіп жүреді. Бүгін Наурыз мерекесіне орай «Өрнек» сән үйінен қазақы ою-өрнекпен көмкерілген қамзол сатып алуға келді.
«Көп адамдар қызыға қарайды. Себебі қазақтың ою-өрнектері өте ерекше. Насихаттап көрсетіп, өзіміздің қазақтың қандай халық екенін, қандай әсем өрнектері бар екенін той-жиындарда көрсетіп, кигенді ұнатамын», - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Гүлстан Бейсенова.
Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек. Өрнекпен өріліп, тастармен әрленген бұл көйлек - ұзатылар қыздың киімі. Көздің жауын алар туынды екі аптада тігіліпті. Үкісі үлбіреген Несібелі ұзату тойына ұлттық киім кимекші.
«Бұл - ұлттық нақышта бірақ заманауи үлгіде тігілген көйлек. Басымдағы бас киім бұрындары «шекелік» деп аталған. Оны қыздар көбіне қисайтып қойып киетін болған. Мен бірақ оған да аздап өзгеріс енгіздім. Бұдан бөлек бірнеше ұлттық көйлекке тапсырыс бердім», - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Несібелі Есенғалиева.
Он саусағынан өнері тамған Нұрияш Ниязова жеті жасынан-ақ ине мен жіпті жанына серік етіпті. Есесіне, қолөнері өмірлік азығына айналды. Осыдан 30 жыл бұрын Маңғыстауда тұңғыш рет ұлттық киім тігуді қолға алды. «Өрнек» сән үйінің негізін қалап, жүздеген қызды қолөнерге баулыды. Қажырлы еңбегі өз жемісін берді. Бүгінде бүкіл Маңғыстау жұртшылығы Нұрияш әженің шәкірттері тіккен ұлттық киімдерді киіп жүр.