Елімізде ҰБТ-2016-ға дайындық қызу түрде жүріп жатыр. Емтиханды тапсыру барысы, арыздарды қабылдау ережесі, құжаттарды толтыру мен бастапқы ұпай саны өзгеріссіз қалды. Осы жылғы түлектерді күтіп тұрған бір-ақ өзгеріс – ұпай саны жетпей қалған жағдайда, емтиханды қайта тапсыру мүмкіндігіне ие болуы.
- Биыл 5000 түлек болады деп күтілуде. 24 сәуірге дейін ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын оқушылардың нақты саны белгілі болады. Министрлікте ҰБТ-ны қайта тапсыру құны әлі айтылған жоқ. Сондай-ақ, ақылы түрде емтиханды қайта тапсыру бір-ақ рет болатыны немесе бірнеше рет болатыны да әлі белгісіз, - деп хабарлады ОКҚ брифингі барысында Маңғыстау облысы білім басқармасының жетекшісі Зейнеп Тастемірова.
Сонымен бірге, брифинг кезінде 4-9-сыныптар аралығындағы оқушыларға жүргізілетін ОЖСБ (оқу жетістіктерін сырттай бағалау) тестілеуінің өткізілу тәртібі туралы да айтылды.
- Бұл біздің басқармамен емес, Министрлікпен өткізіліп жатырған тестілеу. Олар бірнеше мектептерді өздері таңдап, барлық пән бойынша білім деңгейін тексереді. Берілген баға журналға қойылмауы керек және оқушының үлгеріміне де әсер етпеуі қажет. ОЖСБ өткізілетін мектептер белгіленбегендіктен, қазіргі уақытта барлық мектептерді дайындап жатырмыз, - деді Зейнеп Тастемірова.
ОЖСБ мақсаты – Қазақстандағы білім деңгейіне әділ баға беру. Оқытушылар құрамының сапасын жоққа шығару немесе растау үшін, жылына мемлекетіміздегі барлық мектептердің 10%-ы таңдалып алынады.