Маңғыстаулық волейболшылар тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында Словакияның Хандлове қаласында өткен халықаралық турнирде қола медальға ие болды. Бұл жайында Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Нұралы Құлышев хабарлады.
Жағажай волейболынан өткен турнирге Қазақстан, Польша, Словакия мемлекеттерінен келген барлығы 6 команда қатысқан. Жарыс қорытындысында облыстың құрама командасы үшінші орыннан көрінсе, жаңаөзендіктер бесінші орынға табан тіреген. Сондай-ақ «Үздік ойыншы» аталымына Бауыржан Оразалиев лайық деп танылған.
- Біздің команда бес кездесу өткізіп, үшінші орынға ие болды. Өкінішке орай бұл жолы облыс құрамасының қатарында үздік шабуылшымыз Ерболат Алтаев ҚР-ның чемпионатында жарақат алуына байланысты өнер көрсете алмады. Бұйыртса, тамыз айында Ақтау қаласында жағажай волейболынан халықаралық турнир өтеді. Жарысқа еліміздің бар аймағынан және Польша, Словакия, Грузия, Латвия, Ресей мемлекеттерінен командалар қатысады деп күтілуде. Мықты дайындықты қолға алмақшымыз. Жүлделі орыннан үміттіміз,-дейді Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Нұралы Құлышев.
Словакияда өткен халықаралық жарыста облыстың құрама командасының сапында Нұралы Құлышев, Құралбек Сейдов, Бауыржан Оразалиев және жаңаөзендік командада Ержан Оңаев, Бекнұр Бисенов, Нұрлыбек Қожабеков өнер көрсетті.
Венера МИРЛАН