©
Осыдан жарты ғасыр бұрын тұңғыш рет баспа бетін көріп, әр жылдары «Огни Мангышлака», «Местное время» аталып жұртшылықпен жарқын жүздесіп келе жатқан облыстық қоғамдық-саяси газет «Огни Мангыстау» - өлкеге танымал жалғыз орыстілді басылым. Шын мәнінде, халықтық басылым атануға лайық «Огнидің» бүгінде шынайы шежіреге айналған тарихына үңілер болсақ, бұл елу жылда өз стилін, қайталанбас дара қолтаңбасын қалыптастырған, қаламы қарымды журналшылардың бірнеше ұрпақ өкілін өз қабырғасында тәрбиелеп шығарған салмақты ұжым. Кез-келген ұжымның бағын ашатын тұлға - білікті басшы. «Огни Мангыстау» газетінің қалыптасуына қыруар еңбек сіңіріп, ұжымды әр жылдары Юрий Татаринов, Виталий Запорожский, Геннадий Коваленко, Валерий Вова, Михаил Бриль, Петр Долматов секілді кәсіби маман, білікті редакторлар басқарған. Бүгінде осы тізімді жалғастырып, ұжымға басшылық жасап келе жатқан Наталья Бутырина қаламы жүрдек журналшы, шебер ұйымдастырушы ретінде өз орнын тапқан адам. -Маңғыстау өндірісті аймақ болғандықтан басылым бетінде көбіне өндірістің өркендеуі, мұнай өндірісіне қатысты мәселелер, Маңғыстау мұнайының бүгіні мен болашағы туралы тың, түйткілді пікірлер көбірек жазылатын, бірақ басылым басшылығы, сонымен қатар автокөлік, байланыс, білім, мәдениет, спорт, денсаулық, қоғамдық өмірдің көптеген мәселелерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Алғашқы кезеңде газет ұжымында жоғары шығармашылық қуат, кәсіби тәжірибесі шыңдалған мамандар – жауапты хатшы Александр Полячек, редактордың орынбасары Василий Широков, Ракип Насыров, Николай Забирко, репортерлар Эльмира Пашина, Владимир Шин, Надежда Казанкова, Александр Беляев, Николай Коротков, Павел Кижаев, Александр Керпелев, Александр Тонкопрядченко, Игорь Шахнович, Нина Лобова т.б. іргетасын қалаған «ғимараттың» қабырғасын тіктеуге Нина Чернова, Александр Шварев, Вячеслав Позденко секілді штаттан тыс тілшілер де телегей тер төкті. Қазіргі нақты өмірімізде көрініс тауып отырған жаһандану заңдылығына сай жылдамдық қарқыны – газеттің де бет-бейнесін өзгертуге мәжбүр етіп отыр. Сондықтан бүгінгі баспасөз құралдарының негізгі міндеті – қысқа хабар-ошарлық ақпарат тарату, 100-120 жолдық дерек пен дәйекке құрылған танымдық мақалалар, қоғам пікірін қалыптастыру және тәрбие беру. Құлашы кең жанрлардың газет бетінен сирек көрінетіні сондықтан. Басылымның негізгі міндеті – Елбасымыз Н. Назарбаевтың халықтың алдына қойып отырған «2030 стратегиялық бағдарламасын» көпшілік назарына жеткізу, жұртшылыққа жете насихаттау. Бүгінгі мерейтой тұсында солармен қатар өмірінің ұзақ жылдарын газет қызметіне арнап, басылымның өркендеуіне шығармашылық мол қуат жұмсаған ардагер-журналшылар – Тамара Лесовая, Надежда Хоботова, Людмила Петриченко, Тамара Павленко, Мұқтасын Сухамбердиев, фотожурналшы Надежда Рябчунова, жарнама бөлімінің меңгерушісі Людмила Аксенова, әдеби қызметкер Гүлсара Нығметова, жауапты хатшы Геннадий Петренко, Сергей Мезенцев, референт-хатшы Надежда Шихмамедова, редактордың орынбасары Ғани Каринді арнайы атап өткім келеді,-дейді басылымның бас редакторы Наталья Григорьевна. Күн арадан қолдарына ұстап, әр бетінен тосын жаңалық пен қызғылықты хабар дәмелене парақтайтын оқырман дайын газеттің бір орам ақ қағаздан ақпарат пен хабар-ошарға, күрделі мәселенің күрмеуін шешуге талаптанған көлдей мақалаға толы дайын өнімге қалай айналып, қаншама қиындығы мол кезеңдерден өтетінін біле бермеуі мүмкін. Бұл жұмыстың қыр-сырына қаныға жүріп көргенімізді мәртебелі оқырманмен бөлісер болсақ, тілшінің дыбыс жазылым құралынан тыңдалып, пернетақтада терілген тілші мақаласы неше сыннан өтіп, қолдан-қолға жүгіріп талай электронды пошталарды жағалап қана беттелуге жіберілетінін айта кеткеннің айыбы болмас деп ойлаймыз. Тілшінің дайын ақпараты ең бірінші бас редактордың немесе оның орынбасарының сараптамасынан өтеді, одан корректордың тезіне түсіп, кезекші редактордың назарына ілігеді, осы сынақтар кезегінен өтіп болған соң ғана жаңағы айтқан беттеу орталығына жол тартады. Міне осы жерде беттеуші-дизайнерлік бөлім қызметін айтпай кетуге болмайды. «Огни» секілді салмақты басылымды әсемдеп, айшықтап халыққа ұсынып отырған техникалық-хатшылық топтың қатарында – әр жылдары қызмет еткен және қазір де қызмет ететін Ирина Шевякина, Роман Николаев, Артур Упадышев, Людмила Рахматуллина, Лола Пододняя, Иван Аксенов, Ержан Байбатыровтардың ерен еңбегі жатқандығын жеткізгіміз келеді. Оның сыртында баспа қызметкерлерінің, есепшілер мен жарнама мамандарының ерен еңбегі тағы бар. Бұл басылымның халыққа саяси-экономикалық күрделі мәселелерді қарапайым бұқара тілімен түсіндіріп, қоғамдағы әр жаңалықты жария етуге қалам қуаты жетерлік тілшілері қала, облыс жұртшылығына танымал. Соңғы жылдары 50 жасын тойлағалы отырған «Огнидің» оқырманмен қауышып, ой бөлісуіне өзіндік үлес қосқан журналшылар қатарында: бас редактордың орынбасары Татьяна Преснякова, жазушы Ғалия Кеңесбаева, аудармашы-журналшы Тойған Тасқынбаева, Әділбек Қозыбақов, Элина Зироян, Игорь Нестеров, Елена Калинина, Александр Покатилов, Ердос Жанжігітов, Марина Қалағанова, жас буыннан Айнұр Қобыланова, Виктория Көшербаева т.б. мамандарды төл мерекелерімен құттықтағымыз келеді. Тұтас «Огни Мангыстау» ұжымына шығармашылық табыс, бірлік пен денсаулық тілейміз!Үміт ЖӘЛЕКЕ