©
Ақтаулық таэквондошы Қайрат Сарымсақов Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында ересектер арасында өткен әлем чемпионатынан жүлдегер атанды. 170 мемлекеттің мыңнан астам спортшылары бас қосқан жарыстан жерлесіміз қола медальді қанжығасына байлады. 74 келі салмақта өнер көрсеткен ақтаулық спортшы Қайрат Сарымсақов нигериялық, португалиялық, латвиялық, тайвандық қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алған. Жартылай финалда өзбекстандық қарсыласына есесін жіберіп, үшінші орынға тұрақтаған. -Таэквондамен жеті жасымнан бері айналысамын. Бұған дейін ересектер арасында он мәрте Қазақстан чемпионы, бірнеше рет халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Азия ойындарының және Азия чемпионатының жүлдегері атандым. Мені жарысқа дайындап жүрген бапкерлерім Қанағат Суебаев пен Ғани Ибраимовқа алғыс айтамын. Ендігі үлкен арманым-2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарына қатысып, елімнің әнұранын асқақтату, -дейді Қайрат Сарымсақов. Таэквондо федерациясының бапкері Ғани Ибраимовтың айтуынша, бұл соңғы сегіз жылда ересектер арасында әлем чемпионатынан иеленіп тұрған алғашқы медаль.Венера МИРЛАН