©
«Сәбидің бәрі бақытты, Болуы үшін жаралған!», - деп әндеткенімізбен, бәрін бірдей бақытты қыла алып жүрміз бе? Қоқыстан, қуыстан табылған тастанды сәбилер жайлы соңғы жылдардың еншісіндегі жаңалықтар бәріміздің жүрегімізді қарс айырғанымен, осыған ұқсас жайттар әлі де қылаң беріп қалып жүр. Бұл еліміз үшін өзекті мәселеге айналып, онымен қызу күрес шаралары да қолға алынды. Соның нәтижесі болар, жағымсыз жаңалықты жиі құлағымыз шалмайтын болыпты. Осы орайда бәрінің болмаса да бірсыпыра сәбидің қоқыс жәшігінде қалмай, балалар үйінде жәутеңдемей, анасының жылы алақанында өсуіне сеп болып жүрген «Ана үйінің» еңбегін айрықша атағанымыз жөн. Соңғы 3-4 жыл көлемінде нәтижелі еңбек етіп жүрген қордың жұмысын жақыннан танып білмекке, мамандарымен тілдесуге, ондағы аналар мен балалардың жай-күйімен таныспаққа Ақтаудағы орталыққа бас сұқтық. Бізді күлімдей қарсы алған «Ана үйі» қоғамдық қорының және «Бала асырап алуды қолдау» орталығының Маңғыстау облысы бойынша арнайы маманы, психолог Элмира Абишевадан сұрақтарымызға толық жауап алып қайттық. Бәлкім біздің осы мақаламыз арқылы шарасыз күйде жүрген тағы бір жалғызбасты жас ана «Ана үйімен» қауышып қалар...«Ана үйі» қоғамдық қоры
Қор 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Еліміздің әр облысында бөлімшелері бар. Бас кеңсесі Астана қаласында орналасқан. Маңғыстау өңірінде 2015 жылы тамыз айында ашылған. Орталық қиындыққа тап болған жүкті немесе балалы жас аналарға пана болады. «Әр ананың жағдайы әр бөлек. Жігітке алданып қалған жас қыздар жүкті екенін ата-анасына айта алмайды, айтқан жағдайда олар тарапынан қарсылыққа тап болады. Немесе тұрмыс құрғандары күйеуімен, қайын жұртымен жараспай, баласын алып, бөлек кетіп жатады. Бірақ баратын жері, қарайласатын адамы болмай, қиналады. Баласынан бас тартатындар санының артуына осындай жағдайлар түрткі болады. «Ана үйі» солардың алдын алу, болдырмау мақсатында жұмыс істейді, - дейді Элмира Маханбетқызы. 2 жыл ішінде облысымыздағы бұл орталықта 45 ана тұрақтаған. Биылғы жылдың басында 12 ана болса, қазір соның 8-і осында. Олардың ең жасы 17-де. «Ата-аналарды да түсінуге болады. Баласын оқытып, тоқытып, бағып-қаққанда осындай жағдайға тап болып жатса, кім-кімге де қиын. Бұл жерде жауапкершілік екі жақты ғой. Сондықтан тек қыздарды ғана сөгу дұрыс емес, жігіттер де жауапты, - дейді орталық психологы.«Ана үйіне» қабылдау шарттары
Талап бойынша, «Ана үйіне» тұрақтауға ниетті жандардың жасы отызға толмаған, жүктіліктің 6-7 айына жеткен болуы қажет және баласы болса, ол бір жарым жастан аспағаны жөн. «Бізде отыздан асқан аналар да бар. Тіпті кейбірі екі баламен де келеді. Қазір жаз мезгілі, күн ыстық. Баламен қайда барады? Тентіреп далада жүргеннен гөрі деп, біз осында қабылдап отырмыз» деген Элмира ханымның сөзі «Ана үйі» қамқорлығының шексіздігін аңғартты. Қазіргі таңда орталықта үйлестіруші - Алтын Сапашева, мейірбике - Бақыт Ордабаева және психолог - Элмира Абишева жас аналарға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, зейнеттегі немесе зейнет жасына таяған қала тұрғындары (әйел адамдар) үш мезгіл келіп, көмектесіп, балаларға қарайласады. Олар жұмыспен қамту орталғынан жалақымен қамтамасыз етіледі.«Ана үйіне» келетіндер тек маңғыстаулықтар емес
«Жақында Ақтөбеден екі балалы келіншек келді. Үлкен баласы – бір жарымда, екіншісі – алты айлық. Өзі де балалар үйінде өскен екен. Жолдасынан ажырасқан, ешқандай алимент төлемейді. Ақтөбедегі «Ана үйінде» орын болмағандықтан бізге жіберілді. Сол тұста керісінше бізде адам саны жеткіліксіз еді. Қазір жұмыспен қамту орталығы арқылы бір бөлмелі пәтер сұратып, сонда уақытша орналастырдық. Жұмысқа тұрғызып, балаларын балабақшаға бердік. Орталыққа облыстың әр түкпірінен, Шетпе, Жаңаөзен, Мұнайлы, Бейнеуден, ауылдардан келетіндер де бар. Біз аналармен ғана емес, олардың туыстарымен, ата-аналарымен де психологиядық тұрғыда жұмыс істейміз. Мұндағы мақсат – ертеңгі күні олардың баланы қабылдай алуына жағдай жасау».Аналар мұнда қанша уақытқа дейін тұра алады?
«Бұрын 1 жыл 6 ай деп қабылдайтынбыз. Қазіргі таңда 3 ай, 6 ай, 1 жыл деп бөлдік. Осы уақыт аралығында жағдайы жақсы болса, 1 жылды күтпей-ақ, шығара береміз. «1 жыл осында тұрады екенмін, жыл бойы алаңсыз жүрсем болады» деген сөз жоқ. Бізге аналар келген бойда баласы болса, ең алдымен әкесін анықтаймыз. Екіншіден, алиментін ала алатындай жағдай жасаймыз. Әрі қарай жұмысқа орналастыру т.б. жағдайлар қарастырамыз. Бұл жерде біздің орталық қана емес, ананың өзі де жағдайын жақсартуға тырысуы, талпынуы қажет. «Маған бәрін дайындайды екен, бәрін береді екен» демеуі керек. Кейде «Сіздерде күтуші бар ма? Балама қарай ма? Тамақты кім дайындайды? Мен тамақ пісіре алмаймын» деген наразы сөздерді де естіп қаламыз». «Ана үйінде» босанған аналардың туыстарына хабар беріледі. Егер ананың өзі мұны қаламаса, орталық оны да ескереді. Элмира ханым мұнда түрлі жағдайдың орын алатынын, оны шешудің де жан-жақты тәсілдері қарастырылатынын айтты. Мәселен: -Бірде бейнеулік келіншек келді. Ата-енесімен ұрсысып кетіп қалған екен. Жолдасымен ажырасып та үлгеріпті. 4-5 ай көлемінде осында тұрған соң, күйеуіне, үйіне қайтып барды. Ол келіншек мұндағы өзге аналарға қарағанда жағдайының әлдеқайда жақсы екенін осында жүріп түсінді, - дейді. Қыз-келіншектердің арнайы күн тәртібі, өздерінің кезекшілік кестесі бар. Мәселен, 12 ана болса, кезекші барлығына бірдей ас әзірлейді. Кезекпен үйді, бөлмелерін жинастырады, бір-бірінің балаларына қарайласады. Бір үйдің келіні тәрізді қызмет атқарады.«Ана үйі» қоғамдық қорының жобалары:
«Ана үйі» қоғамдық қоры бірнеше бағыттағы жобалар бойынша жұмыс істейді. Біріншісі – 2013 жылы басталған «Ана үйі» жобасы, екіншісі – «Бала асырап алуды қолдау» орталығы. Орталық мамандарының айтуынша, бұл жобаның жұмысы өткен жылы маусым айында басталған. Бір жылдың ішінде 200-ден астам ата-ана кеңес алған. 5-6 ата-ана бала асырап алу мақсатына қол жеткізген. Жоба ата-аналардың үлкен жастағы балаларды асырап алуына жағдай жасауды көздейді. Себебі көпшілігі жаңа туылған нәрестелерді алуға ниетті болғандықтан, мектеп жасындағы балалар асырап алудан тыс қалып қояды екен. Қазір республикамыз бойынша жетім балалар саны 7 мыңға жетіп жығылады. Облысымызда балалар үйі жоқ, дегенмен балалар ауылы және нәресте үйі бар. Ондағы ата-анасыз бүлдіршіндер қарасы анау айтқандай көп емес. Дегенмен қоғамдық қор сол балалар отбасыда тәрбиеленсе, әке мен ананың жылуын сезініп, толыққанды жанұяда бой түзесе деген мақсатты ту етіп келеді. P.S. Қанша қиналса да өз баласын қалай сыртқа тебеді дейміз ғой. Бәлкім шарасыз күй кешіп, тығырыққа тірелген қыз-келіншектердің жайын жете түсінбейтін шығармыз. Жастайынан тағдырдың сынына іліккен сондай аналардың бірінің хикаясын алдағы уақытта оқитын боласыздар.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА