Абылай 3 күн бойы теңізде жүзіп аман қалған
[ 2017 ] 23 маусым, 11:02 | Жаңалықтар
Ораза айының бітуіне 2 күн қалғанда адам сенгісіз қызық жағдай болды. 3 күннен аса теңізде автокөлік балонымен жалғыз жүзген Абылай дін аман туыстарына оралды.
24 жастағы Абылайды теңіз ағыспен әкеткен. Теңізде жүзгеніне 4-күн болғанда Иран суднасы баланы көріп, бірден Қазақстан теңізшілеріне хабарлаған.
«Бұл ерлік пе, батырлық па, әлде денсаулықтың мықтылығы ма, әйтпесе Құдай сақтап, Алланың жолына, ата-баба, Әулиелердің әруағына ақ-сары бас айтылған садақаның күші ме, әйтеуір адам сенгісіз оқиғаға тап болып жатырмыз.
Маусымның 19-күні кешке ауызын ашқаннан кейін, Ақшұқыр ауылының тұсынан теңізге түсіп қайтуға достарымен барған 25-жастағы жас жігіт (25-ке қарашада толады) кешкі сағ.10-дар шамасында толқын алып кетіп, суға кетіп қалған. Қасында теңізге бірге барған достары түніменен шарқ ұрып, кімге не айтарын білмей, таңертең суға кеткен баланың ата-анасына амалсыз xабарлаған.
Содан жақын-жуықтың барлығы теңіз жағасына жапырылып, құтқарушылар әр түрлі қайықпен, тікұшақпен 20-сы, 21-і күндері таңғы жарық түскеннен қайта қараңғы түскенше іздеп таба алмаған. Маусымның 22-сі күні таңда Ираннан Ақтауға келе жатқан кемеге әлгі жоғалған бала жабысып, ішіне кірген де, сол күйі есінен танып құлаған. Екі күн, үш түн ашық теңізге ағып кетіп жападан жалғыз ақ толқынмен алысып, аман (тірі) шыққан бала Ақтаудың орталық ауруxанасының жансақтау бөлімінде жатыр», - делінеді Whats-App желісінде таратылған хабарламада.
- Бірнеше күн бойы жүзіп отырдым. Қорыққан жоқпын. Теңіз жағасына жетсем екен деген арман болды. Кеме мен тікұшақтарды көрген сайын айқайладым, бірақ ешкім естімеген сияқты. Төртінші күні кемені көрдім, орнынан қозғалып кетпесе екен деп тіледім. Бар күшіммен кемеге қарай жүздім. Қанша жүзгенім есімде жоқ, оларға жеттім. Иран суднасы бірден маған алғашқы көмек көрсетті. Құрғақ киімдер беріп, Қазақстан теңізшілеріне хабарласты. Ал теңізшілер мені 40 минут ішінде алып кетті. Теңіз жағасында жедел жәрдем күтіп тұрды.
- Балаға реанимациялық көмек жасадық, науқаста гипотермия, денесі 32 градусқа дейін салқындап кеткен. Аштықтан аз ғана ауру-сырқауға шалдыққан, келесі апта емханадан шығарамыз, - дейді травматология бөлімі басшысының міндетін атқарушы Есет Шахатбаев "Lada" сайтына берген сұқбатында.
Айгүл ДӘДЕН
7562
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.