©
«Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасында « Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы қортындыланып, үздіктер марапатталды. Шараға облыс әкімі Ералы Тоқжанов, облыс әкімі орынбасарлары, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұри Тумышев, облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов және кәсіпкерлер қатысты. Қалай дегенмен де өзімізден шыққан тауарға, әсіресе азық-түлікке ештеңе жетпейді. Жеріміздің шөбін жеп, суын ішіп өскен малдың еті мен сүтінің пайдасы, экологиялық тазалығы жайында алқалы жиындарда айтылып та жүр. Құр сөз ғана емес, бұл бағытта жұмыстанып, тер төгіп, еңбегінің нәтижесін көріп, отандық өнімдердің артықшылығын ісімен дәлелдеген іскер жандар қатары көбейіп келеді. Сонымен бірге Қазақстанда жасалған тауарларды тұтынатын тұрғындар саны да арта түсуде. Алыстан мысал іздемей, өзімізді алсақ та алдымен Ақтөбенің қаймағын, Кереку мен Қызылжардың, Қостанайдың сүт-айранын, Маңғыстауымыздың шұбатын алуға ықылас танытып жататынымыз рас. Қателеспей таңдау жасауға отандық өнімдерді насихаттау бағытындағы түрлі шаралардың да әсер-ықпалы бар екендігі белгілі. Жылда өткізілетін «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының мақсаты -отандық өнім сапасының деңгейін көтеру, аймақ нарығында жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдерді арттыру және жергілікті кәсіпкерлердің өріс жаяр, өнегелі істерін көрсету арқылы көпшіліктің кәсіп ашуға, бизнес саласында мүмкіндіктерін байқап көруге деген ынта-құлшынысын туғызу . Бұл ретте, шараның көздеген межеден шығып, нақты нәтиже көрсете бастағанына шағын және орта бизнесте бақ сынап, қабілетін танытушылар қарасының көбейіп келе жатқандығы нақты дәлел. Бұған көрме барысында да көз жеткіздік. «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасының залында қойылған маңғыстаулық кәсіпкерлердің шығарып жатқан өнімдеріне көппен бірге сүйсіндік, таңдандық. Не жоқ дейсіз мұнда! Құрылыс материалдарының небір түрін ұсынып отырған кәсіпорындар осында. Мұнай-газ саласын керекті жабдықтарымен қамтып отырған «Каскор-Машзавод» акционерлік қоғамы, өнімі елімізде ғана емес, шетелдерде де сұранысқа ие «Қазазот» кәсіпорны, шыны-талшықты құбырлар, өндіріске керекті бұйымдардардың бірнеше түрін шығартатын ұжымдар көрмеге қатысып, бақ сынамақ. Тәтті тағамдарын, сусын, шұбатын ұсынып, киімдерімен қызықтырып, мақсат қойса, ниет етсе қолдан келмес нәрсе жоқтығын ісімен дәлелдеп жүрген іскер жандардың лебіз-тілектерін тыңдаудың өзі бір ғанибет! Тәжіхан Ізтұрова, «Байболат» шаруа қожалығының басшысы: - Он төрт жылдан бері түйе сауып, халықты шұбатпен қамтып келемін. Биыл сатуға қымыз да шығарамыз, екі жүздей жылқымыз бар. Құрт, балқаймақ ,сүзбе де дейміз бе, біздің өнімдеріміз сөрелерде жатпайды, тез өтіп кетеді. Шетелден әкеліп қондырған жабдықтарымыздың 30 пайызына үкімет субссидия берді. Ауыл шаруашылығына қолдау жақсы. Раушан Байменова, жеке кәсіпкер, «Жансая тәттілері» цехы басшысы: - Жаңаөзеннен келіп отырмын. Бизнесті 1998 жылы бастадым. Диетикалық тәтті тағам, нан түрлерін дайындаймыз. Екі қызметкеріміз Германияға барып, оқып, ондағы тағам дайындау барысымен танысып қайтты. Ол жақтан да мамандар келіп, біздерді үйретіп кетті. Ой көп. Мүгедек балаларға арналған балабақша ашып, тәтті нан өнімдерімен өзіміз қамтамасыз етсек дейміз. Негізгі мамандығым балалар дәрігері болғандықтан, балдырғандар тұтынатын тағам сапасы ойлантады. Медағұл Алмас, «ZhamaI-ai LTD» директорының орынбасары: - Компаниямыз 1993 жылы «Ақбөбек» атауымен мокаси аяқ киімін шығару мақсатында ашылған. Қазір мокасимен бірге өндірістік аяқ киімдерге де тапсырыстар қабылдаймыз. Жылына 7 мың дана аяқ киім шығарамыз. Жұмысшыларға, оқушыларға және көпшілікке арналған киімдер тігеміз. Еліміздің барлық қалаларында дүкендеріміз бар. Сапалы өнімдерімізбен мақтана аламыз. Нүриден Пайызов, «Қазына Продакшн» Медиа Груп компаниясының әкімшісі: - Біз Ресейдің «Страна радости» шоу компаниясының франшизасын сатып алғанбыз. Қазір Батыс Қазақстан бойынша бұл роботтарды көрсетуге барлық құқықты иелендік. Қаламыздағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-сазды драма театрында 4 рет концерт өткіздік. «Трансформерлер шоуы» тақырыбымен балаларға арналған кеш Атырау қаласында да болды, алда Ақтөбеге бармақпыз. Мерекелік шаралардың ажарын ашсақ -мақсаттың орындалғаны. Бізді үйлеріне шақыртатындар да баршылық. Жаңаөзен қаласынан тапсырыс көбірек түседі. Тұрсынгүл Жақыпова, « Kazakh Osseter» ғылыми-өндірістік кәсіпорны директорының орынбасары: - «Бизнес 2020» бағдарламасы бойынша жұмысты 2014 жылы бастадық. Жиырма бес адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Күні бүгінде 27 мың дана бекіреміз бар. 2015 жылдан бастап кафе, ресторандардан тапсырыс қабылдап жатырмыз. Алда экспортқа өнім шығарсақ дейміз. Ия, кәсіптерін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің алға қойған мақсаттары да үлкен. Олар ой-ұсыныстарын, кейбір түйінді мәселелерді көрме жұмысымен арнайы келіп танысқан облыс әкімі Ералы Тоқжановқа жеткізді. Көрмеден соң өңір басшысы жүзден жүйрік шыққан озаттарды марапаттау рәсіміне қатысты. - Соңғы кездері қазақстандық бизнес жауапкершілікті сезініп, дами түсті. Өркениет талаптарына сай жұмыс істейтін, мемлекет, қоғам алдындағы міндеттерін абыроймен орындап жүрген компаниялар саны артты. Бизнес инвестиция тарту, азақ-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономиканы диверсификациялау мәселелерінде мемлекетттің сенімді әріптесіне айналып келеді. Отандық тауарлардың сапасын арттыру және халықаралық рыноққа шығару –ортақ мақсатымыз. Өнімнің сапалы көрсеткіші отандық тауарға, ішкі, сондай-ақ сыртқы рыноққа сұранысты қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде тұрақты жұмыстың, сондай-ақ, аймақтағы жаңа жұмыс орындарын және Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін арттырудың кепілі,-деді Ералы Лұқпанұлы үздіктерді марапаттау салтанатында. Биылғы байқауға экономиканың түрлі саласындағы жергілікті отандық 25 тауар өндіруші қатысты. Байқау «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша өтті.Байқаудың «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Қазазот» АҚ-ы жеңімпаз деп танылды. Екінші , үшіншгі орындарды «Каскор Машзавод», «Шыны-пластикалық құбыр зауыты» жауапкершілігі шектелген серіктестіктері бөлісті.
«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша « Kazakh Osseter» ғылыми-өндірістік кәсіпорны көш бастады. «MAGA BREAD » ЖШС-і екінші, жеке кәсіпкер Раушан Байменованың «Жансая тәттілері» цехы үшінші орындарды і иемденді. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» бойынша «ZhamaI- ai LTD» ЖШС-і бас жүлдеге, жеке кәсіпкер Жакенова А» екінші, «Вива де Люкс» жиҺаз фабрикасы үшінші орынға ие болды. Көрменің жетістіктерін атап, орта және шағын бизнестің облыс экономикасындағы үлесіне тоқталған облыс басшысы Ералы Тоқжанов мұндай маңызды шараны кең көлемде, көпшілікті, қала тұрғындарын көбірек тартып, мүмкіндігі мол үлкен залдарда атап өту керектігін де ескерте кетті.Болат Үмбетов