Жылқыны пір тұтқан елдің жігіттері ЭКСПО-ны араламақ
[ 2017 ] 22 маусым, 05:15 | Жаңалықтар
Венгрия Республикасының саяхатшылары Иштван Бенце және Ласло Цако БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұхбат өткізді. 750 шақырымға созылатын салт атты саяхатшылардың сапар бағыты Ақтау-Ақтөбе-Қостанай-Астана облыстарының үстімен жүріп өту жоспарланған. Саяхат барысында Маңғыстау облысынан Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін тамашаламақ.
Оларға жергілікті «Ат спорты клубы» ЖШС шабандоздары бағыт көрсетіп, жолға шығарып салатын болады. Ақтөбелік өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай мен ақтаулық Қанағат Сүйеубаев жолбасшылық жасап, жұма күні жолға шықпақ. Маңғыстаудағы тарихи орындарды аралап, елдің, жердің этнографиясы мен тарихымен танысуды мақсат етіпті. Әр ауылға барған сайын өз жолжазбаларына тіркеп, фото-бейне жазба қорларын сол ауыл туралы мәліметтермен отырады.
-Бұл жігіттер Маңғыстаудың тарихи орындарын атпен аралап қайтуды жоспарлап отыр. Қазақстанды өздерінің ата-жұрты санайтын бұл жігіттердің арғы ата-бабалары қазақ даласынан кеткен қыпшақтар. 2009 жылы да Ақтауға келген. Мен бұл кісілермен 2011 жылы Хан моласы бейітінен Торғай-Ырғыз шекарасынан табылған Әбілқайыр ханның бас сүйегін анықтау үшін зерттеуге апарғанда таныстым. 2012 жылы Мажарстанда «Тұран түркілерінің құрылтайы» өтті. Оған жалпы 14 000-дай адам қатысып, Қазақстаннан 150 адам барды. Сол 150-дің бірі болып мен де құрылтайға қатыстым. Түркілердің Дунай бойына барып, қоныстануының тарихы 3 кезеңнен тұрады. Оларды Аттила, Боян, Арпад қолбасшылар бастап барған. Қазақ (Қыпшақ) даласынан барған 7 тайпаның атын біледі, өздерін осы қазақтарға жақын туыс санайды. Иштван Мандоки Қоңыр жездеміз өмір бақи қазақ пен мадияр жұртының арасына дәнекер болып, екі халықтың рухани байланысын күшейтуге бар өмірін арнады. Иштван Бенценің бұл Қазақстанға үшінші рет келуі. Қазақ даласына тұңғыш сапарын 2009 жылы «Алтын адамнан Аттилаға дейін» деп аталған экспедициядан бастаған. 2012 жылы «Еуразиялық тарихи жылқы жолы», 2016 жылы Венгрия - Баку бағытымен «Ат үстіндегі Жібек жолы» саяхатына шыққан кәнігі саяхатшы.
Дунай өзені мадиярлар үшін киелі су. Құрылтай сол өзен жағасында өтті. Этноауыл жасап қойған. Болашақта туризмді дамытатын болсақ, бұлардан үйренетін зат көп. Мажарлар ешкінің, бұзаудың етін жейді. Жылқының етін жемейді. Әр ауылда жас қыз-жігіттерді шабандоздыққа үйретеді. Жүрген жерлерінде жылқыға қатысты заттың бәрін назардан тыс қалдырмайды. Теріні, жүнді қалдықсыз игеруді меңгерген халық. Үйлерін ағаш, қамыспен жабады. Марқұм Әбіш Кекілбаев «Венгерлерден үйренің» деп көп айтатын. Сол кісілер біліп айтқан екен. Оларда ұлттық рух көрінісі өте жоғары. Бір ғимараттың табалдырығында аяқ сүртуге арналған кілемше жатыр екен, әдемі жігіттің бейнесі тоқылған. Ұлт мүддесін сатқан шенеунік екен. Сол үшін парламент шешім шығарып, әдейі кілемше тоқытып, есіктің алдына аяқ сүрту үшін тастаған екен. Әне бұлардың ұлтқа деген сүйіспеншілігі, рухының мықтылығы сондай.
Біз бұл жолы Емірдің үстімен Отпан тауға шығамыз, қонақтарға сондағы этноауылды көрсетеміз. Үшінші күні Қаратаудың бөктерімен Жармышқа қарай жүреміз. Содан ары Маната, Сайөтес, Үстіртке шығып, Бейнеуге тоқтап, аудан жұртшылығымен кездеседі. Мал шаруашылығын аралайды. Бозойдан – Айшуақ, Есет, Дәрібай, Шалқар, ноғайлы дәуірінің кешені Балғасым, Орақ-мамай қонысы, қазақ батырына ғашық болған қалмақ қызы жерленгшен Мәні әулие, Ырғыз өзені жағасындағы көне қорымдар, Жаныс мавзолейі, Ырғыз бекінісі, Алмат (Тобабергенұлы) тамы, Ырғыз-Торғай резервациясы (қорығы), Назар тамы, Ахмет-Міржақып қонысы-қыстауы, Арқалық қаласының үстімен Қаракерей Қабанбай мавзолейіне жетеді. Сол жерден Венгриядан келген делегацияға қосылып, атпен Астанаға «Экспоға» өз тарихи костюмдік пішінімен көріну. Арнайы көліктеріміз, Қазыбек дейтін шабандоз, әрі аудармашы жігітіміз бар, тағы да жолбасшыларымыз бар. Өзіміз көліктермен жабдықтаймыз.
Қонақтардың бірі Иштван Бенце өздерін осы сапар барысында автокөлікпен, жанармаймен тегін жабдықтаған атыраулық кәсіпкер Оразғали Қашағановқа арнайы алғысын жеткізгісі келетінін айтты.
- Сонымен қатар, мен барлық қазақ халқын жақсы көремін. Біздің түпкі тамырымыз бір, тегіміз ортақ. Қазақстан туралы көбірек білгіміз келеді. қонақжайлығы мен ақжарқындығы ұнайды,-деді Иштван.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
942
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.