Қазынашылық Қаншайымы
[ 2017 ] 22 маусым, 05:11 | Жаңалықтар
1962 жылдың 10 наурызы күні жергілікті қазақ шаруасы отбасында Баутин балықшылар кентінде дүние есігін ашқан Қаншайым Кигликова бала кезден өз қатарластарынан пысықтығымен, есепке жүйріктігімен ерекшеленді. Әке-шешеден ертерек айырылған Қаншайым ата-әжесі Жаңай мен Ынтаның аялы алақанында өсті. Алғыр, озат оқушыны мұғалімдері де мақтан тұтатыны белгілі, Қаншайым Жүсіпқызы оқып, бітірген Жаңаөзен қаласындағы № 1 мектептің ұстаздар қауымы да озат шәкірттерінің болашағынан көп үміт күтті.
Мектепті үздік бітіріп шыққан Қаншайым 1985 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтының «Қаржы және кредит» бөліміне бойынша оқуға түсіп, «Экономист» мамандығын алып шықты. Еңбек жолын 1985 жылдың тамыз айынан Маңғыстау облысының Шевченко қалалық қаржы бөлімінде ревизорлықтан бастаған Қаншайым Жүсіпқызы лауазым баспалдағымен жедел биіктеумен болды. 1986 жылдың қыркүйек айынан - Маңғыстау облыстық қаржы бөлімінің бас есепшісі, 1988 маусым айынан - Ералы аудандық қаржы бөлімінің бас есепшісі, 1989 жылдың тамыз айынан - Шевченко қаласы бойынша мемлекеттік салықтар инспекциясының мемлекеттік салық инспекторы, 1990 жылдың қараша айында - Маңғыстау облыстық қаржы басқармасының бюджеттік бөлімінің жетекші экономисті, 1992 жылдың қазан айында - Маңғыстау облыстық қаржы басқармасының халық шаруашылық салаларын қаржыландыру бөлімінің бастығы, 1995 жылдың қазан айында - аталған басқарманың бюджетті орындау бойынша бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің бастығы-бас есепшісі, 1999 жылдың наурыз айында - Маңғыстау облыстық қазынашылық басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған Қаншайым 2006 жылдың ақпан айынан қазіргі уақытқа дейін - Маңғыстау облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы қызметін атқарып келеді.
Қ.Кигликова Маңғыстау облысы бойынша Қазынашылық департаментінде қызмет атқару барысында өзін сауатты, құзырлы, тәжірибелі әрі білікті басшы ретінде көрсете білді. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын басшы әріптестер арасында сыйлы.
Қаншайым Жүсіпқызы өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, оның қызмет саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазынашылық комитеті бұйрықтарын, Департамент туралы ережені, Ішкі еңбек тәртібінің ережелерін басшылыққа алады.
Өз саласының білгір маманы Қазынашылық жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін марапат пен мадақтан кенде болған емес. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медаліне, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Конституциясына - 20 жыл» мерекелік медаліне, «ҚР Тәуелсіздігіне - 25 жыл», ҚР Қаржы министрі Қазынашылық Комитетінің құрылғанына - 20 жыл төсбелгісіне, Қазақстан Республикасы Қаржы Министрінің Құрмет грамоталарына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісіне, Маңғыстау облысының дамуына үлес қосқаны үшін Маңғыстау облысына - 40 жыл, Ақтау қаласына - 50 жыл, Қарақия ауданына - 40 жыл төсбелгісіне, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісіне ие.
Қолына қаржы маманының дипломын алғалы табан аудармастан осы саланың ыстығы мен суығына бір адамдай төзіп, 32 жыл абыройлы еңбек етіп, мемлекеттік қызмет тізгінінен мықтап ұстап келе жатқан Қаншайым Жүсіпқызы отбасының да ұйытқысы. Жолдасы мұнай саласының қызметкері Салауат Жоңқарбаевпен бірге немере-жиендердің қызығына кенеліп отырған бақытты әже.
Қазынашылық департаментінің Қаншайымына еңбекте табыс, отбасына береке тілейміз!
Үміт ЖӘЛЕКЕ
1052
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.