©
Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоқжановтың төрағалық етуімен өткен экономикалық кеңестің отырысында аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, инвестиция тарту жайы сөз болып, кәсіпкерлер іске асырмақ жобалар таныстырылды. Жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі орынбасары, Маңғыстау экономикалық кеңесі жұмыс тобының төрағасы Рахымбек Әміржанов ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы және алдағы даму көкжиегі жайында баяндады. Ағымдағы жылдың 4 айы ішінде ауыл шаруашылығының жиынтық өнімі 2.2 миллиард теңге мөлшерінде болды. Мал санының өсімі -ірі қара бойынша 21,1%-ға ( 19,9 мың бас), қой мен ешкі 4,7%-ға (526,5 мың бас), жылқы 10,2%-ға (84,6 мың бас), түйе 7,9 %-ға (63,2 мың бас) өскен. Мал өнімін сатып, пайда табушылар, егіншілікке бет бұрушылылар қатары да артып келеді. Бұл бағытта, жұмыс ауқымын кеңейтуге ынта білдірушілер саны да өсуде. Экономикалық кеңес мүшелері мен отырысқа қатысушылар назарына 9 жоба ұсынылды. Олардың ішінде бекере тұқымдас балықтар өсіретін кешен құрылысы, құс фабрикасы, көкөніс сақтау қоймасы, ауыл шаруашылығы қажеті үшін пайдалануға жарайтын жер асты сулары қорын бағалалау және барлау, шағын «Ешкі фермасы» ауыл шаруашалығы кәсіпорнын ашу, қымыз және шұбат өндіру цехы құрылысы және бірнеше жылыжай кешені жобалары бар. Айта кету керек, өңір үшін мұның бәрі де керек-ақ. Қаржы салып, жұмыстың бірталай бөлігін аяқтап отырған кәсіпкерлер ашқалы отырған кәсіптерінің өңірге, облыс, қала, аудан тұрғындарына аса қажеттігіне және пайда әкелетіндігіне нақты дәлел-дәйектер келтірді. Айталық, ешкі сүтіне деген сұраныс көп. Әрі денсаулыққа пайдалы түрлі өнімдер жасауға да болады. Сондай-ақ, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерінің басым бөлігі өзге өңірлерден тасымалданатын біздің облыс үшін өркениеттік үлгідегі, әлемдік стандартқа сай сақтау қоймасының аса қажет екендігі мәлім. Оның іске қосылуы азық-түлік бағасының төмендеуіне де ықпал етер еді. Сол сияқты жылыжайлардан жазы-қысы өнім алынып тұрса жеміс-жидек, көкөніс түрлері де арзандар еді. Судың тапшылығынан еркін көсіле алмай жатқанымыз тағы рас. Жобалардың тұсаукесер рәсімінде кәсіпкерлер қолбайлау болып отырған кедергілерге, шешілуі тиіс түйінді мәселелерге тоқталып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе, отырыс барысында көбірек әңгіме болғаны қажетті инфрақұрылым, яғни, су, газ, электр қуатымен қамтамасыз ету және субссидия төлеу мәселесі. -Инвестор тарту үшін алдымен оған қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Елбасы қойып отырған тапсырмалардың ойдағыдай іске асуының бір тетігі инфрақұрыммен байланысты. Қаржысын салып, жұмыс жасауға, өнім шығаруға ынта-құлшыныс танытып, білек түре кіріскелі отырған кәсіпкердің жігерін жасытпай, кеңсе жағалатпай, тиісті қолдау –көмек көрсету керек,-деді облыс әкімі Е.Тоқжанов. Жобаларды талқылау барысында Ералы Лұқпанұлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашевқа үш күн ішінде жобалардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына қатысты кеңес өткізуге, сондай-ақ, облыс әкімі орынбасары Рахымбек Әміржановқа бір апта ішінде туындап отырған күрмеулі мәселелерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізіп, түйінді шешуге тапсырма берді. Сонымен бірге, облыстың қала, аудандары аумағында ауыл шарушылығын дамытудың қосалқы мүмкіндіктеріне талдау жасау міндеттелді. -Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту –қазіргі таңдағы басты міндеттің бірі. Елімізде ауыл шаруашылығын барлық деңгейде қолдауға айрықша көңіл бөлінуде. Маңғыстау облысы үшін азық-түлікпен қамтамасыз ету қашанда өзекті мәселе болып келді. Өзіміздің ауыл шаруашылығы саласы өнімдеріне деген қажеттілік проблема күйінде қалып отыр. Сондықтан «кәсіп ашамын, өнім өндіремін» деген кәсіпкерлерді ынталандырып, бастамаларының баянды , нәтижелі болуына көмектесуге міндеттіміз. Ауыл шаруашылығын дамытуға инвестор шақырып отырғанда, жергілікті кәсіпкерлеріміз қаржы салып, іс бастап жатса, әрі ол өңір үшін қажетті болса неге қолдамасқа! Біз кез-келген ұсыныстарды қарауға, маңызды деген жобаларға жүзеге асуына көмектесуге мүдделіміз,-деді Ералы Лұқпанұлы. Экономикалық кеңес отырысында бизнес-қауымдастығы өкілдері өңірдің дамуы үшін өзекті деген мәселелер көтеріп, ауыл шаруашылығын өрге бастыруға қатысты ой бөлісті. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша оқу орталығын құру, тамшылата суару тетіктерін жетілдіру, жүн өңдейтін зауыт ашу, құдықтарды көбейту жайында ұсыныстар айтылды. Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Ералы Тоқжанов мемлекеттік орган басшыларына нақты тапсырмалар беріп, қала, аудандар әкімдеріне өздеріне тиісті аумақтарда іске аспақ және жұмыс жасап жатқан жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуді, нәтижелі жұмыс істеуі үшін жұмыстануды міндеттеді.Болат ҮМБЕТОВ