Рамазан айында ізгі амал жасап, сауап жинауға асыққан ағайын күнде бір игі іске мұрындық болуда. Сондай азаматтардың арқасында Мұнайлы ауданындағы төрт мешітте де қайырымдылық шаралары жолға қойылған. Апта сайын 20-30-ға жуық жанұяға көмек көрсетіліп, жағдайы жоқ, мүмкіндігі шектелген, жетім-жесір жандар жәрдем алуда.
- Күнде 400-дей адамға ауызашар дастарханы жайылады. Оған түрлі мекеме ұжымдары да шақырылады. Жуырда міндетті жазасын өтеушілерді де қонақ қылдық,-дейді қасиетті айдағы жүзеге асып жатқан жұмыстардан хабар берген аудандық орталық "Ар-Рахман" мешітінің бас имамы Айдос Муталиев.
Оның айтуынша, бұл айда 500-дей бала аудан мешіттерінде жазғы сауат ашу курстарынан сабақ алып жатса, тұрғындарға түсінік ретінде имандылық үйінің өкілдері "Қазақстан-Ақтау" телеарнасы мен "Жолбаян" радиосындағы Рамазан айы туралы арнайы хабарларды таратуға атсалысуда.