Кеше облыс әкімі Ералы Тоғжанов Венгрия Республикасының экспедицияшылары Иштван Бенце және Ласло Цакомен кездесті. Сапар 16 маусым күні Ақтау қаласынан басталып, 18 тамызда Астанада аялдайды деп жоспарланған. Бағыт Ақтау-Ақтөбе-Қостанай-Астана бойынша жүреді (Саяхатшылар Маңғыстау облысынан Ақтөбеге дейін 750 шақырымды артқа тастайды). Одан әрі саяхатшылар Монғолияға аттанып, Қытайға дейін жетпек. Оларға өңірімізде «Ат спорты клубы» ЖШС бағыт көрсетіп, жолға шығарып салатын болады. Иштван Бенценің бұл Қазақстанға үшінші рет келуі. Өткен жылы ол Сербия-Болгария-Түркия-Грузия-Әзірбайжан-Астана бағытындағы саяхатқа қатысқан. Ал алғашқы сапарын 2009 жылы «Алтын адамнан Аттилаға дейін» (6700 шақырым) атты экспедициядан бастапты. 2012 жылы «Еуразиялық тарихи жылқы жолы» (6500 шақырым), 2016 жылы Венгриядан Баку қаласына бағыт алған «Ат үстіндегі Жібек жолы» саяхатында да бой көрсеткен. -Біздің ата-бабаларымыз мал бағумен айналысқан жартылай көшпенді әрі өте жауынгер халық болған. Бір кездері біз де жартылай көшпелі өмір сүрдік. Сондықтен мен де досыммен бірге аталарымыздың жолын жалғауды жөн көрдім, - дейді Иштван Бенце. Венгриялық қонақтарға облыс басшысы Ералы Тоғжанов «Маңғыстау» өңірінің фотоальбомы мен Экспо-2017 көрмесінің бойтұмарын табыстап, сәт сапар тіледі.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ