Бүгін Лондон және Рио жазғы олимпиадаларының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Ел абыройын екі бірдей Олимпиадада асқақтатқан боксшыға алғыс білдіріп, спорттық жолына табыс тіледі. - Құрметті Ералы Лұқпанұлы, өзіңіз жаңа айтып кеткендей, олимпиада тұғырына көтерілу оңайлықпен келген жоқ. Біршама маңдай тердің, табандылықтың арқасында қол жеткізген дүние. Сол еңбегімізді ескеріп, сый-құрмет көрсетіп жатырсыздар. Баршаңызға алғысым шексіз. Енді осы үйден шай ішуге келіңіздер, - деп жымиды чемпион. Ақтау қаласындағы элиталы үйлердің бірі Green Park-тен баспаналы болған боксшы осылайша жиналғандарды жаңа қонысына дастарқаннан дәм татуға шақырды. Сондай-ақ, бас қосуда спортшы есімімен байланыстырылған «ADOKA» брендінің балаларға арналған спорттық киім үлгісі таныстырылды. Өңіріміздің эмблемасы бейнеленген киім үлгісін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде көпшілікке ұсыну идеясы да мақұлданды. Енді көрмеде тамыз айында өтетін Маңғыстау күндері аясында дәл осы «ADOKA» брендінің киімдерін бүлдіршіндеріміз киіп баратын болады. Бұл «ADOKA» брендімен ұсынылып отырған бір ғана өнім емес. Сонымен қатар, түйе сүтінен дайындалған балмұздақ, шоколад та халықаралық көрменің қонақтарына тарту етілетін болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ