©
Жаназа намазы – пенденің дүниедегі және өзгелердегі соңғы ақысы. Жаназасын шығару мұсылмандар үшін парыз. Өліге құрмет көрсету, арулап аттандыру – шариғат талап еткен іс. Осы орайда ҚР Мұсылмандар Діни Басқармасының бастамасымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап жарық көрді. Бүгін өңір ақсақалдары мен қалалық, облыстық мешіт имамдарының қатысуымен кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта жаназа және жерлеу рәсімдерінің шариғатта көрсетілген жолдары мен мәселелері қамтылған. Кітап 7 тараудан тұрады. Жаназа әдебі жайлы басылым бұған дейін екі рет жарық көрген. Бұл – үшінші басылымы. -Тірі адамның қайтқан кісі алдында 4 парыз болады: біріншісі – жуындыру, екінші – кебіндеу, үшінші – жаназасын шығару, төртінші – жерлеу. Жаназа пәтуасына қатысты барлық сұрақтың жауабы осында қамтылған. Міне, бүгін өздеріңізге арнайы таныстырып отырмыз. Бұл Қазақстандағы ортақ жаназа пәтуасы. Осы негізде имамдар жұмыс жасайды, осы негізде баршамыз бір орталыққа бағынуымыз керек болады. Себебі әр жерде әртүрлі дәстүрлер бар, жанама рәсімдер бар. Сол үшін біз кейде бір-бірімізбен өкпелесіп жатамыз. Ал осы ортақ пәтуа бәрімізді бір арнаға тоғыстырады және елдігімзге де өте үлкен ықпал болады, - дейді ҚР МДБ Маңғыстау облысының өкіл имамы Смайыл Сейтбеков. Тұсаукесерде сөз алған зейнеткер Қосмырза Құрмантаев имамның пікірін қолдайтыны білдіріп, өз ұсынысын да ортаға салды: -Жаназа рәсімін әр жерде әртүрлі қылып өткізетінін көзіміз көріп жүр. Ол алауыздық тудырады, дініміздің ілгері басуына азды-көпті кедергі келтіреді. Анау былай деп еді, мынау былай деді деген секілді түрлі пікірлер де айтылады. Осының барлығын бір ізге келтіруіміз керек. Ол үшін дәл осы кітапты басшылыққа алуымыз керек. Бұл кітапты жұрттың барлығы сатып ала бермес, бәрінің бірдей қолына тие қоймас. Сондықтан мүмкіндік болса, осы дүниені газет, басылым беттерінде қысқа-қысқа етіп жариялап отырса деген ойым бар, - дейді зейнеткер. Мәйітті қалай жуады, сүйекке қанша адам түсу керек, әйел адамда қалай орындалады, ер адамда қалай жүзеге асады, кебіннің мөлшері, адамның протез тістері не алмалы-салмалы аяқ-қолы болса не істеу керек, осы және өзге де мәселелерге кітапта толықтай жауап берілген. Халық арасынан жиналған сұрақтарға әр тарауда жауаптар келтірілген. «Өзекті жанға – бір өлім» деп айдар таққан кітаптың алғашқы бөлімі ажал, өлім жайында баяндайды. Сондай-ақ, өзге бөлімдерде хал үстінде жатқан адамның жағдайы, жан тәсілім еткеннен кейінгі шаралар, мәйітті жуындыру мен кебіндеу, жаназа намазы, жерлеу рәсімдері мен қабір мәселелері және қабірді зиярат ету мәслелері жан-жақты қамтылған. Кітап сатылымға шығарылған, тұрғындар қаладағы мешіттерден сатып ала алады.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген автор